Отбасының цифрлық картасы: бір жылда 631 мың азаматқа жәрдемақы өтінішсіз рәсімделді
Еліміздегі әрбір мұқтаж адамға мемлекеттік көмек пен қолдау уақытылы көрсетілуі үшін 1 жылдан бері Отбасының цифрлық картасы жұмыс істеп келеді.
Платформа арқылы әлеуметтік төлемдердің 10 түрін белсенді рәсімдеуге мүмкіндік бар. Қазір жүйеде 6 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы Жолдауында еліміздің әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына қолдау көрсетудің маңыздылығы айтылып, бұл ретте Үкіметке мұндай көмектің барынша белсенді іске асырылуын қамтамасыз ету тапсырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Мемлекет басшысы:
- 2023 жылдан бастап Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын ала жасалады.
Иә, бүгінде Отбасының цифрлық картасы, ең алдымен, қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтайды. Соған сәйкес автоматты түрде азаматтардың еш тіркелуінсіз белгілі бір көмек жайында хабарлама жібереді.
Айдар Қасенов, Цифрландыруды дамыту және ақпараттық жүйелерді интеграциялау басқармасының басшысы:
- 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 млн-ға жуық адам мемлекеттік қызметтерді белсенді түрде көрсету үшін SMS алды. Бұл ретте өтінішсіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 631 мыңнан астам адам пайдаланды.
Ал биылғы жыл басынан бері 251 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік көмек көрсету жайлы SMS жолданған. Соның ішінде 115 мың адам өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін пайдаланды.
Айдар Қасенов, Цифрландыруды дамыту және ақпараттық жүйелерді интеграциялау басқармасының басшысы:
- Негізінде ОЦК жұмыс істеу принципі барынша қарапайым: әлеуетті алушыға 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі. Онда тиісті қолдау шарасы туралы хабарланады, сондай-ақ оны көрсетуге рұқсат сұралады. Жүйе келісім алғаннан кейін азаматқа жәрдемақы тағайындалады. Содан соң банктік шотына аударылады.
Отбасының цифрлық картасы «Смарт Дата Үкімет» ақпараттық-талдау жүйесінде іске асырылатындықтан азаматтар туралы кез келген мәлімет берік шифрланған. «Бұл платформаның қауіпсіз екенін де көрсетеді», – дейді маман.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Ербол Дайыров.