Қызылорда облысында 270 шақырым жол жаңғыртылады

Биыл Қызылорда облысында 270 шақырым жол жаңғыртылады. Бұл мақсатқа 33 млрд теңге бөлініп отыр, деп хабарлайды 24KZ

Осылайша, өңірдегі жолдардың 92%-ін жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу жоспары бар. Бір ғана Қармақшы ауданында бірнеше жоба іске асады.

«Жосалы кентіндегі Ақмешіт көшесі жаңбыр жауса, ми батпаққа айналады. Жаяу тұрмақ, көлікпен жүру мүмкін емес. Осылай күнелткенімізге талай жыл өтті», – дейді Жосалы кентінің тұрғыны Тілеубек Әлімшиев.

Тілеубек Әлімшиев, Жосалы кентінің тұрғыны:

- Әрқайсының үйінен 3-4 баладан сабаққа шығады. Соның бәрі, мінекей, арқалап шығарады. Жігіттер айтып тұр ғой, резеңке етік киіп шығады. Сол жерден басқа етік кигізіп жібереміз, асфальтқа шығарып.

Биыл Жосалы кентіндегі топырағы шығып жатқан 20 көшеге қиыршықтас төсеу жопарланып отыр. Ал аудан бойынша 9 көше асфальтталады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 780 миллион теңге бөлінді. Осы жұмыстар атқарылғаннан кейін Қармақшыдағы қанағаттанарлық және жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 83%-ке жетеді.

Жандос Еркінбек, аудан әкімі:

- Ақжар-Көмекбаев 5 ауылды бір-біріне қосып отырған үлкен жол қалпына келтіріліп, қазір тұрғындар сонымен қатынау бағытында жұмыс жасап жатыр. Әлі де біраз көшелер бар, оған қиыршықтас төсейтіні бар, жай топырақ төсейтін жұмыстар бар. Оған біз қазіргі таңда жалпы аудан бойынша 46 көшеге жобаны дайындап отырмыз. Келесі жарты жылдықта осы жобаны да жүзеге асыруға қаражат көздерін қарау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

Соңғы үш жылда Қызылорда облысында жол инфрақұрылымын қайта жаңғырту көлемі 3 есеге дейін артты. «Биыл аймақта 33 миллиард теңгеден астам қаржыға 270 шақырым жол жөнделеді», – дейді мамандар

Жәнібек Сыздықов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Сонымен қатар облыс аумағында бірнеше көпір құрылыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр Арал ауданында теміржол үстінен көпір құрылысы басталса, биылғы жылы Жаңақорған ауданында теміржол үстінен көпір құрылысы басталды. Қызылорда қаласында жоласты теміржол көпірінің құрылысы басталды және Қармақшы ауданында Жосалы кентінде теміржол үстінен өтетін көпір құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Бүгінде өңірдегі жолдардың 87%-тен астамы қанағаттанарлық және жақсы жағдайда деп бағаланған. Бұл көрсеткішті биыл 92%-ке дейін арттыру көзделіп отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.