Тасқыннан зардап шеккен 69 жылыойлық кәсіпкер өтемақы алды

Атырау облысы Жылыой ауданында тасқыннан зардап шеккен 69 кәсіпкер жалпы көлемі 500 млн теңге өтемақы алды.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен өткен өңірлік комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды 24kz.

Жойылған мүліктің құнын өтеу немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру үшін E-otinish платформасы арқылы кәсіпкерлерден өтінім түсті. Енді өтінімі қолдау тапқан 22 кәсіпкерге де өтемақы тағайындалды. Аудан орталығы Құлсарыда 2,5 мыңға жуық тұрғын баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алу туралы келісімге қол қойды. 2 мыңнан астамы тиісті төлемін алды. Солардың бірі – Алмажай Кенжиева. Оның үйі апатты деп танылған соң дереу Атырау қаласынан тұрғын үй сатып алған.

Алмажай Кенжиева, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Ақшам түсті. Соның бір тиынын да алмай, бәрін осы үйге салдым. 3-4 күн болды осы үйге қоныстанып келіп жатырмыз. Мына көршілер деген керемет екен. Жаңа көрші келіп жатыр деп, шашуын шашып, өте ризамын. Сөзім жоқ, айта алмаймын.

Қазір Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккендер үшін 100 үй салынып жатыр. Үй құрылысына жергілікті компаниялар жұмылдырылған, әр үйдің ауданы 100 шаршы метр болады.