Су тасқынынан зардап шеккен 33 мыңнан аса отбасы өтемақы алды
Тасқыннан зардап шеккен 33 мыңнан астам отбасы өтемақыға қол жеткізді.
Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет басшысы айтты. Олжас Бектенов әр отбасыға 300 мың теңге төленгенін мәлімдеді. Қазір тұрғын үйлерді қалпына келтіру жалғасып жатыр. Үш мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға қоныстанды. Тағы 5800-ден астамы үйлерін жөндеу үшін тиісті өтемақы алған. Премьер-министр инженерлік инфрақұрылым мен жолдарға әжептәуір зақым келгенін атап өтті. Елде екі мыңнан астам электр қуаты бағанасы қирап, желінің 54 шақырымы үзілген. Қазір бүлінген инфрақұрылымның шамамен 40%-і ретке келтірілді. Қалғаны алдағы бірнеше айда жөнделеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Бүгінде сегіз мыңнан аса тұрғын үй апатты деп танылған. Олар бойынша өтемақы төлеудің екі жолы қарастырылған. Соның бірі – екінші нарықтан дайын пәтер не үй сатып алу. Бұл мәселені тездетіп шешуге сеп болмақ. Алайда бұған бәрі бірдей келіспей отыр. Жаңа баспананы сұрап отырғандар бар. Қазір осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз.