Құлсарылықтар баспаналарын қайта тұрғыза бастады

Құлсарыда тасқын судан үйлері құлаған тұрғындар мемлекет қолдауымен баспаналарын қайта тұрғыза бастады, деп хабарлайды 24kz.

Қала бойынша 2600-дей үй жарамсыз болып қалған еді. Аудандық әкімдіктің жанынан құрылған мүлік шығындарын өтеу және бағалау жөніндегі комиссия осы уақытқа дейін 2500 тұрғынның өтінішін қанағаттандырған. Қаражат қолдарына тиген құлсарылықтардың алды құрылысты бастап кетті.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Жайлаубай Бірқұлақов ұлы Ернар екеуі қираған баспаналарын қалпына келтіруде. Тасқын кезінде 4 бөлмелі үйдің жарты бөлігі жарамсыз болып, 6 балалы отбасы баспанасыз қалған еді. Бірақ іргетасы аман. Қазір ол мемлекет берген қаражатқа үйдің қабырғаларын қайта қалап жатыр.

Жайлаубай Бірқұлақов, Құлсары қаласының тұрғыны:

- 5 сәуір күні су кіріп, суға кеткен жағдайымыз бар. Содан су 10 күндей тұрды. Одан кейін айналамызды жинақтап, жасап жатырмыз. Мемлекеттен көмек бар. Берді. Ризамыз деп айта аламын. Құрылыс бұйырса, 1-2 айда бітеді

Құлсары қаласы бойынша тасқыннан көп зардап шеккен «Автомобилистер» ықшам ауданы. Мұнда 1 мыңға жуық баспанаға су кіріп, жарамсыз болып қалған еді. Аудандық мүлік шығындарын өтеу және бағалау жөніндегі комиссияға 2600-ден астам өтініш түскен. Қазір комиссия мемлекеттен бөлінген көмек қаражатты келген шығын көлеміне қарай тұрғындарға үлестіре бастады.

Нұрболат Сарманов, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары:

- 2592-і қазіргі таңда келісімшартқа отырды. Оның ішінде үйі құлаған азаматтарымыздың саны – 1454, кап ремонтқа жатататындар – 1138 болып отыр. Барлығы өз ақшаларын алды. Енді азғантай ғана бөлігі қалды.

Аудандық комиссияның қарауында әлі 60-тай өтініш бар. Келген шығын көлемі мұқият зерделеуден өткен соң тұрғындар тиесілі өтемақыларын алатын болады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин