Көкшетауда әкімдер форумы өтті
Алқалы жиынға 200-ден астам аудан, ауыл басшысы қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Кездесу барысында олар бюджетті тиімді пайдалану, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту сияқты көптеген мәселені талқылады.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Форум барысында ауыл әкімдеріне ерекше басымдық берілді. Атап айтсақ, салық, айыппұл, мүлікті заңдастыру, шаруашылық және кәсіпкерлік нысандарын есепке алу сынды бірқатар іс-шаралардың реті егжей-тегжейлі түсіндірілді. Ақпараттық парақшалар таратылып, бағыт-бағдар берілді.
Шыңғыс Жанділдин, Оразақ ауылының әкімі:
- Бізге өзімізге осындай білім керек, жобалық-сметталық құжаттарды қалай дайындау керекпіз. Бірінші қандай құжаттарды беру керекпіз. Оны ауыл әкімдері бірінші кезекте білу керек. Осындай форумдар бізге қажет.
Қазір ауылдағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың көпшілігін ауыл әкімдері өздері жасайды. Ал, оған мемлекет тарапынан бөлінетін қыруар қаржыны тиімді пайдалану маңызды. Сондықтан ауыл басшыларына жобалау мен қаржыландырудың негізгі тетіктері де көрсетілді.
Дәулеткерей Жанатхан, Ескі Колутон ауылының әкімі:
- Бізге енді тәжірбие алмасу әр кезде керек болады. Өмір болғасын, адам болғасын бәрін біліп тумаймыз ғой. Сондықтан осындай тәжірбие алмасу – бізге қажетті мәселенің бірі.
Қазір өңірдегі елді мекендер де өзіндік дербес бюджет еңгізіді. Бұл ауыл басшылары үшін өте тиімді. Себебі, бұрын коммуналдық жұмыстарға аудандық бюджеттен қаржы аз бөлініп келсе, ендігі жерде әр ауыл мұндай шараларға қалауынша қаражат жұмсай алады. Осы ретте өңір басшысы қаржы бөлінген әр бағдарламанының жемісін көру керектігін атап өтті.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Біраз бағдарламалар өз нәтижесін беріп жатыр. Ал, біраз бағдарламалар, өкінішке орай, қаражат болғанмен тиімділігін көрмей отырмыз. Соның бәрін жобалауымыз керек.
Жалпы өңірде әкімдер корпусын жаңартуға бас көңіл бөлінеді. Соңғы үш жылда 220 ауыл әкімінің жартысына жуығын халық өзі сайлады.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный