Кіші санаттағы қызметкерлердің еңбегі ескеріле ме?
Қазір елдегі мектептерде 261 мыңнан астам кіші санаттағы қызметкер бар, деп хабарлайды 24kz.
Олардың дені айына 74 мың мен 85 мың теңге аралығында жалақы алады. Енді осы еден жуушы, аула сыпырушы, электрик мамандарынсыз мектепті, тіптен кез келген мекемені еселестетіп көріңізші?!
Президент жыл сайын азаматтық қызметшілердің жалақысын 20%-ке өсіріп отыруды тапсырған. Бірақ жалақыға келгенде біз айтқан жандар үнемі тасада қалып қоя береді.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Мереке Жанбосынова 2 жылдан бері мектепте еден жуушы болып еңбек етеді. Зейнетінен бейнеті көп жұмысқа басқа амалы болмаған соң орналасқан. «Әрі мұндай жаста жайлы жұмыс табу да қиын», - дейді ол. Қысы-жазы мектепті айнадай ғып ұстаса да, тапқаны айына 82 мың теңге ғана. Оған несиесін төлейді. Қалған тиын-тебенмен бала-шағасын асырайды.
Мереке Жанбосынова, еден жуушы:
- Сағат тоғыздан келгеннен кешкі алтыға дейін жүреміз, кейде кеш кетеміз, балалар, сабақ кеш бітеді. Саз-лай уақыттарда қиын, таңертеңнен кешке дейін жуамыз. 3-4 мезгіл жуамыз. Айлығымыз түкке жетпейді. Кредитіміз бар, бала-шағамызды асырай алмаймыз, қазіргі жастар мынадай айлыққа келмейді ғой жұмысқа.
Мектеп секілді мемлекеттік мекемеде мардымсыз жалақы алатындар еден жуушылар ғана емес. Бұл қатарда электрик, аула сыпырушы, сантехник сынды маңызды мамандық иелері бар. Олардың айлық табысы 74 мың мен 85 мың теңге аралығында. Депутат Жұлдыз Сүлейменова: «бұл аз» дейді . Оған қоса, кіші қызметкерлерге еңбек демалысы кезінде сауықтыру төлемі де қарастырылмаған. Себебі олар мұғалімдер мен дәрігерлер секілді азаматтық қызметшілер санатына жатпайды.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз 5 категорияны қамтып отырмыз. Олар еден жуушылар, плотинк, сантехник, аула сыпырушылар және электрик. Еңбек демалысына шығып, отпускной алған кезде оздоравительный қосып алады. Бірақ осы қызметшілерге оздоровительный мүлде қарастырылмаған. Еңбек министрлігімен отырып, біз есептедік. 21 млн теңге көлемінде қосымша қаражет керек. Күзде бюджет қаражатын талқылаған кезде біз Мәжіліс депутаттары осыны енгізіп, мәселе қозғайтын боламыз.
Әлеуметтік сала қызметкерлерінің маңдай терінің өтеуіне қатысты мәселе бұл ғана емес, дейді депутат. Мәселен, бір жұмысты істейтін, бірақ түрлі саладағы мамандардың жалақысында да алақұлалық бар.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мәдениет саласындағы кітапханашылар бар. Олардың саны 3 мыңға жуық, сонымен қатар білім саласында. Олардың саны 8 мыңға жуық. Енді олардың айлық жалақысының арасын қарайтын болсақ, қазіргі таңда алшақтық 48 мың теңгені құрайды. Былай қарағанда үлкен сома емес, бірақ білім саласындағы кітапханашылар мәдениет саласындағы кітапханашылар 48 мың теңге кем алып отыр. Осыны реттеу қажет.
Енді осы мәселелерді мамандар күзде бюджет кодексін талқылау кезінде енгізуді жоспарлап отыр. Осылайша, ауыр әрі адал жұмыс істейтін қарапайым еңбек адамының мәртебесін арттыруды көздейді.
Авторы: Назерке Тоқжан