Арыстағы сенбілік барысында 15 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарды

Түркістан облысының Арыс қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды 24kz.

Тазалық шарасына мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері, ардагерлер, спортшылар, өнер адамдары мен қала жастары қатысты.

Экологиялық акция «Арыс – Шымкент» тасжолы бойынан басталды. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстап, тазалық науқанына бір кісідей атсалысуға шақырды. Белгілі қоғам белсендісі Сырлыбек Мұсабеков жас ұрпақтың бойына кішкентайынан туған жердің тазалығына жауапты екенін сіңірсек деген тілегін жеткізді. Табиғат жанашырлары жол жиегін қураған шөптен тазартып, ағаштардың түбін әктеді. Сынған бұталарды жинастырып, күл-қоқыстан тазартты.

Сырлыбек Мұсабеков, қоғам белсендісі:

- Биыл енді жаңбыр жақсы жауғандықтан, шөп жақсы шықты. Бірақ енді күн ысығаннан кейін көк қурап жатыр. Арты өртке ұласпас үшін жол жиегіндегі шөптерді шауып жатырмыз. Әркім өз ауласын таза ұстаса, барлық жер таза болады деген сөз бар ғой. Сондықтан ел де, жер де ортақ болғандықтан, халықты осындай сенбілкке, тазалыққа шақырамыз, атсалысайық. Науқан жылдың соңына дейін жалғасады.

««Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – үйіміз бен туған жерімізді таза ұстау, қоқыс шашпау, халық арасында экологиялық сауаттылықты арттырып, экологиялық мәдениетті сақтауға үйрету», - дейді шараға қатысқан мемлекеттік қызметшілер. Олар өздеріне бөлінген аумақта үнемі тазалық жұмыстарын жүргізіп тұратынын айтады.

Қанат Нарбеков, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Арыс қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімі атсалысып жатқан жайымыз бар. Арыс қаласы 3 секторға бөлінген. Соның үшінші секторы біздікі. Ол жаққа да апта сайын екіге бөлініп, акция аясында сенбілік ұйымдастырып, өзімізге бөлінген аумаққа сенбікке шығамыз.

Ауқымды шараға 500-ден астам адам, 10-ға жуық техника жұмылдырылды. Табиғат жанашырлары сенбілік барысында 15 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарды. Көпшілік бір сәт бел жазып, тыныққан сәтте өнерлі жастар күрек-кетпендерін музыкалық аспапқа айналдырып, әннен шашу шашты. Осылайша, жалпықалалық сенбіліктің соғы көңілді мерекеге ұласты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш