Қызылордада 200-ден астам полиция қызметкері марапатталды
Қызылордалық полицейлерге 18 қызметтік автокөлік берілді, деп хабарлайды 24kz.
Сонымен қатар облыс орталығындағы «Бәйтерек-1» шағынауданынан жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. «Тәртіп сақшыларының материалдық техникалық жағдайын нығайту арқылы шалғай ауылдарындағы криминогендік жағдайды жақсартуға мүмкіндік туады» - дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Су жаңа темір тұлпарлардың кілтін учаскелік полиция инспекторларына департамент бастығы, полиция генерал-майоры Махсұдхан Аблазимов табыстады. Жол талғамайтын көліктер бейнетіркегішпен, жарықдиодты қондырғымен және навигациялық жүйелермен жабдықталған. «Өңірде қылмыс азайып, криминогендік ахуал тұрақты. Мұндай көрсеткіштердің жақсаруына материалдық-техникалық базаның да септігі тиері сөзсіз», - дейді мамандар.
Мақсат Хасенов, учаскелік полиция инспекторы:
- Жаңа беріліп жатқан автокөлік бізде хабарламаларға шұғыл жетуге көмектеседі және қоғамдық тәртіпті сақтауға ықпалын тигізеді. Қызылорда қаласының екінші учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторлары жиырма мыңнан астам тұрғыны бар қаланың орталығын қамтиды. Алдағы қатардағы учаскелік полиция пункті арнайы планшеттермен, бейнебақылау камераларымен жабдықталған.
Сонымен қатар «Бәйтерек-1» ықшам ауданынан уақыт талабына сай жабдықталған жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Аумағы 200 шаршы метрден асатын ғимаратта азаматтарды қабылдау бөлмесі, айғақ заттар қоймасы және қызметтік бөлмелер бар. Мамандардың айтуыша, қоғамдық қауіпсіздікті нығайта түсу үшін учаскелік полиция инспекторларының жұмысын оңтайландыру бастамалары жалғаса береді.
Ермахан Абдраманов, Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:
- Жалпы қоғамдық орындарда, көшелерде құқықбұзушылықтардың саны едәуір төмендетілген. Ашылу пайызы да жоғары. Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі түрде қала аумағында, облыс деңгейінде рейдтік шаралар, басқа да полиция тарапынан шаралар қабылданып, іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Полиция күніне орай ұйымдастырылған шаралар легі «Достық үйіндегі» басқосуда қорытындыланды. Салтанатты шарада екі жүзден астам полиция қызметкері мен сала ардагерлері марапатталды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев