Ұлытау облысындағы полицияда оннан астам еңбек әулеті бар

Ұлытау облысының полиция департаментінде 10-нан астам еңбек әулеті бар.

Солардың бірі Ержановтар отбасы. Полицейлер династиясының негізін қалаушы Абдраем Ержанов еңбек жолын сонау 1947 жылы сақшы болып бастаған. Әке жолын кейін балалары мен немерелері жалғады. Бүгінге дейін 12 полицей шыққан әулеттің жалпы еңбек өтілі 200 жылдан асады.

Ұрпақ сабақтастығының мамандық таңдауда маңызы зор. Полицейлер отбасында туған Аян Ержанов бала күннен әке жолын жалғауды жөн көрдім дейді. Полиция майоры бүгінде Ұлытау аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарады. 

Аян Ержанов, Ұлытау ауданы полиция бөлімінің жедел кезекшісі:

- Форма киіп, полиция қызметкерлерінің киім үлгісіне қызығатын едім кішкентай кезімде. Әкемнің бас киімін, көйлегін киіп, жүріс-түрысына қарап полиция қызметкері болуды армандайтынмын. Міне қазір өзім осы салада жұмыс істеп жатырмын. Жас буынға осы полиция қызметкері болуды насихаттап айтып жүреміз. 

Аянның әкесі Хайдарбек Ержанов құқық қорғау саласында ұзақ жылдар табысты қызмет атқарған. Бүгінде зейнеткер. Дегенмен, әлі аттан түскен жоқ. Аудандық ішкі істер органдары Ардагерлері кеңесінің төрағасы. Еңбек жолында жиған тәжірибесін жастардың бойына сіңіріп жүр. 

Хайдарбек Ержанов, ішкі істер органдарының ардагері:

- Балама да күнделікті тамақтың үстінде де, былай да айтып отырам, ақылымды беріп отырам. Әділ болу керек, адам өзінің істеп жатқан жұмысын жақсы көріп, сүйіп істесе жұмыс сонда жүреді. Қалай болса солай деген болмайды. Ол жауапты жұмыс. Ел, мысалы, полицияға қарап отырады. Бір жағдай болса полицияға звондайды. 

Әулеттегі алғашқы полицей Абдраем Ержанов. Ол 1947 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық милиция бөлімінде қызмет атқарған. Әкенің жолын 4 ұлы, кейін немерелері жалғады. Бұл отбасыдан 12 полицей шыққан. Олардың жалпы еңбек өтілі 200 жылдан асады. 

Руслан Ділмұхамедов, Ұлытау ауданы полиция бөлімінің бастығы:

- Ержановтар әулетін жергілікті жұрт «Полицейлер династиясы» деп атап кеткен. Олардың қызметке деген адалдығын үнемі жас мамандарға үлгі етіп айтып жүреміз. Мысалы, Аян Ержанов аудандық полиция бөлімінде 2008 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы аралықта бірде - бір ескерту алмаған. 

23 маусым Ержановтар үшін отбасылық мереке. Қарашаңырақтағы кең дастарханға жиналып, кәсіби мерекені бірге атап өтеді. Бұл жыл сайын дәстүрге айналған. Полицейлер династиясының ұстанымы – темірдей тәртіп және жұмысқа адал болу. Сонда ғана қиындығы мол саладағы еңбек жемісті болмақ.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев