Мемқызметшілер өздеріне берілген 132 сыйлықты мемлекетке тапсырған
Былтыр мемлекеттік қызметкерлер өздеріне берілген 132 дана сыйлықты уәкілетті органға тапсырған.
Айтуларынша, ол заттарды түрлі іс-шараларда, қабылдауларда және мерекелерде әлдекімдер ұсынған екен. Сыйлықтардың жалпы құны 2,5 млн теңге шамасында. Оның көбі кітап, сағат, картина және кәдесыйлар. Биыл алғашқы тоқсанның өзінде мамандар мұндай 30-ға жуық сый-сияпаттан бас тартқан. Уәкілетті органға тапсырылған сыйлықтар кері сатылып, қаражат ел қазынасына аударылып жатыр.
Дана Мұқашева, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бөлім басшысы:
- Мемлекеттік қызметшілер өкілетті органға тапсырған сыйлықты қабылданған күннен бастап, бір ай уақыт ішінде бағалауға жіберіледі. Оның нарықтық құнын бағаланған соң, біздің сайтқа сол есепті енгізе отырып, оны біз электронды сауда-саттыққа қоямыз. Ең көп 300 мыңның айналасында болған. Олар Galaxy телефоны және швециялық музыкалық қорапша. 260 мыңға бағаланып, сатылды электронды аукцион арқылы.