Полицей қызды әріптестері салонға апарып, жаңа образ сыйлады

Өскеменде Қазақстан полициясы күні мерекесіне орай тергеу изоляторының қызметкері Толғанай Мүсіркеноваға әріптестері тосынсый жасады.

Тәртібі қатаң мекемеге таңда кіріп кеште шығатын Толғанайды сән салонына апарып, жаңа образда сезінуге мүмкіндік берді. «Кәсіби мерекеде қауіпті салада еңбек етіп жатқан қыз-келіншектердің көңілін көтеріп, олардың қашан да нәзік әрі сұлу екенін естеріне салғымыз келді», дейді департамент өкілдері.

Толғанай Мүсіркенованың тергеу изоляторындағы әйелдер постында қызмет етіп келе жатқанына он жыл. Мұндағы талап та тәртіп те бөлек. Ер азаматтармен иық тіресе еңбек етеді. Қауіпті қылмыскермен де, күдіктімен де күн сайын бетпе-бет жүздеседі.

Саяхат Шәріпов, №73 түзеу мекемесі бастығының орынбасары:

- Моральдік, психологиялық жағынан әйел қауымына кішкене қиындау. Негізі сөздің шынын айту керек. Ол кісі қазір біздегі іштегі спецконтинентпен бірге жұмысын атқарып жатыр. Соған қарамастан өз жұмысын жақсы адал атқарып жатыр.

Толғанай осы изоляторға таңда кіріп кешке бірақ шығады. Тіпті жеке өмірімді ойлауға мұрша болмайды, дейді ол. Дегенмен, жекпе-жек спортымен айналысатын қайсар қыз спорттық сайыстардың бірінде болашақ жары Нұрбекпен танысыпты. Қазір екі жас той күнін белгілеп те қойды.

Кәсіби мерекеге орай әріптестері Толғанайға тосын сый жасап, сұлулық салонына сертификат ұсынды. Әйел адамның жаны әдемілікке жақын болғандықтан мақсатымыз, оған әсерлі сәт сыйлау болды дейді олар. Қауырт қызметте жүріп, шашты сәндеп, бетті әрлеу дегенді ұмытқалы қашан дейді Толғанай. Ол үшін 4 сағат бойы визажистің алдында отыру оңайға соқпады.Соңында гүлдей жайнаған жүзінен қуаныш байқалды.

- Құлпырып кетіпсің!

Толғанай өзіне осындай ерекше күн сыйлаған әріптестеріне дән риза.

Толғанай Мүсіркенова, тергеу изоляторының қызметкері:

-Біз сияқты ішкі істер органдары қызметінде күнделікті қатаң формадағы әскери киім киюге үйренген адамдарға мұндай үлгідегі киім киюі, әрине ыңғайсыз. Бірақ мен ойлаймын әр әйел адамға бұл осылай әдемі болып жүру, күнделікті өмірде де керек деп ойлаймын.

Толғанай Мүсіркенова бала кезден аңсаған мамандығына ерекше құрметпен қарайды. Ендігі басты арманы - адал жар атанып, әйел бақытына бөлену.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов