Алматы облысында жалпы еңбек өтілі 250 жыл болатын полицейлер әулеті тұрады

Елімізде полиция қызметіне бар ғұмырын арнаған азаматтар аз емес, деп хабарлайды 24kz.

Тіпті бұл қызметті атадан балаға мирас еткен отбасылар да бар. Солардың бірі Алматы облысында еңбек етеді. «Біздің әулетіміздің 12 мүшесі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлесін қосты. Олардың полициядағы жалпы еңбек өтілі 250 жылға жуықтап қалды», - дейді полиция полковнигі Серік Шалқаров.

Серік Шалхаров өзінің еңбек жолын 1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында слесарь-механик, жүргізуші болудан бастаған. 1996 жылы Шымкент заң колледжін тәмамдайды. Қазақстан полициясына қызметке келгеніне 30 жылға жуықтап қалды. Осы уақыт ішінде көптеген жауапты лауазымдарда болды. Қазір Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары. «Біздің әулеттен барлығы 12 полиция қызметкері шықты», - дейді ол.

Серік Шалқаров, ПД бастығының бірінші орынбасары:

- Атамыздан тараған бес ағайынды болса, әрқайсысының барлығын санаған кезде оның ішінде істеп кеткендері бар, жұмыс атқарып жатқандары бар, солардың бәрін санағанда он екіміз. Олардың егер жалпы еңбек өтілін алатын болсақ, менімен қосып, барлығымен бірге 250 жылдың төңірегінде қазіргі таңда. Он екінің ішіндегі төртеуі зейнетке шыққан. Екеуі өз тарапынан жұмыс атқарып, шығып кетіп қалған. Қалғандарының барлықтары қазіргі таңда жұмыс атқарып жүр.

Кейіпкеріміз полиция қызметкері болуды бала күнінен армандаған. Бүгінде сол арманы орындалып, екі өңірдің Құрметті азаматы атанды. Қызметтестерінің арасында сыйлы. Әріптестері оны кәсіби маман ретінде жоғары бағалайды.

Арман Тленшин, полиция полковнигі:

- Өте сыйлы, абыройлы және өзінің шеберлігін көрсетіп келе жатқан азамат. Қылмыстардың бәрі ашылып жатыр. Енді толық бәрі деп айта алмаймын, бірақ 90%-тен жоғары барлық қылмыстың ашылу пайызы. Ол тек қана білімі өте жоғары маман адамдар болмаса, ондай жасалмайтын еді.

Заман ағымы Қазақстан полициясының алдына жаңа форматта, яғни, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу міндетін қойды. Полиция қызметкерлері сол талаптарға сай болуы тиіс.

Серік Шалқаров, ПД бастығының бірінші орынбасары:

- Соның барлықтарын орындауға біз дайынбыз. Қазір мына аттестация да өтіп жатыр бізде. Сол себептен, мен ойлаймын, мынау біздің қызметкерлердің барлықтары, көбісі өз орнында, өз деңгейінде жұмыс атқара алады деп сенемін!

Тәжірибелі қызметкерлер өз ізбасарлары мен еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан әріптестерін Қазақстан полициясы күнімен құттықтайтынын жеткізді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов