Өлім жазасын қолдану қоғамдағы қылмыс санын азайта ма?
Әлемнің 16 елінде былтыр 1153 адам өлім жазасына кесілді, деп хабарлайды 24kz.
Адам құқығын қорғауға бағытталған Amnesty International жаһандық қозғалысы осындай мәлімет келтіріп отыр. Жуырда жарияланған баяндамада қылмыскерді өлім жазасына кесу 31%-ке көбейгені айтылған. Бұл – 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Айта кетейік, елімізде осыдан 10 жыл бұрын өлім жазасына мораторий жарияланып, 2021 жылы бұл мәселеге қатысты соңғы нүкте қойылған. Қазақстандықтар екі жыл бұрын жалпыұлттық референдумда өлім жазасынан түбегейлі бас тартты.
Қазір өмір бойы бас бостандығынан айырылған 194 адам «Қара бүркіт» түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Олардың қатарында сегіз тәртіп сақшысының өмірін қиған лаңкес Руслан Күлекбаев бар. 2016 жылы оған өлім жазасы тағайындалды. Бұл – Қазақстан тарихында соңғы рет шығарылған ең ауыр үкім.
Ал, бұған дейін, яғни, 2003 жылы өлім жазасына мораторий жарияланды. 2004 жылдан бері елімізде тағайындалатын ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру.
Артур Ластаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
- 2020 жылы біз алдымен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қосылып, кейіннен соған қол қойдық. 2021 жылы Қылмыстық кодекстен ең ауыр санкция, өлім жазасы алып тасталды. 2022 жылы конституциялық реформа аясында Ата заңымыздан бұл жазаны алып тастауымыз ақылға қонымды шешім болды. Яғни, «Мемлекеттік ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі», деген Конституциядағы қағидаға қайшы келмейді. Заңнамалық тұрғыдан да, халықаралық құқық тұрғысынан да логикалық дүние бұл.
Өткенге көз жүгіртсек. 1990-2003 жылдар аралығында Қазақстанда 536 рет өлім жазасы қолданылды. 1997 жылдан 2001 жылға дейін ауыр қылмысы үшін 266 адамға осындай жаза тағайындалған. Осы жылдар аралығында 150-і сот үкімімен өлтірілді. 1997 жылдан 2000 жылға дейін 27 адамға рақымшылық жасалыпты. Ал соңғы рет елімізде соттың шешімімен 12 адам 2003 жылы атылып кетті.
Жалпы өлім жазасын қолдану қоғамдағы қылмыс саны азайта ма? Заң ғылымдарының докторы, профессор, Марат Қоғамов бұл мәселеге қатысты талай зерттеу жасалғанын айтады.
Марат Қоғамов, Қазақстанның құрметті заңгері:
- Мұндай зерттеу шеңберінде ғалымдар негізгі үш сауалға жауап іздеуге тырысқан. Өлім жазасын тағайындау адамды қорқыта ма? Қылмыс санын кеміте ме? Белгілі бір қылмыс санын азайта ма? Біле білсеңіз, бұл факторлардың арасында еш байланыстың жоғы дәлелденді. Жалпы адам өлімнен қорқар болса, онда ұшқыш, жауынгер, шахтер сынды қауіпті мамандықты таңдамас еді. Міне, сол себепті, іргелі деген криминологиялық зерттеулерде өлім жазасын қолдану қылмыстың азаюына әсерін тигізбейтіні келтіріледі.
Адам өмірі – бәрінен де қымбат әрі жоғары. Гуманистік мемлекеттің басты қағидасы осы болса керек. Президенттің қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған бастамасы саяси реформалардың алғашқы пакетіне енгізілген еді. Осылайша, Қазақстан халықаралық құқықтың жоғары стандартын ұстанатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт