Полиция подполковнигі: Адалдық, еңбекқорлық – әр адамның бойынан табылуы тиіс қасиеттер

Ішкі істер министрлігіндегі ең маңызды басқарма қандай екенін білесіз бе? Ол – Ақпараттандыру және байланыс департаменті. Мұнда мамандар республика бойынша ғана емес, ТМД елдерінен келген деректерді өңдеп, 15 секунд ішінде базаға енгізіп отырады, деп хабарлайды 24kz.

Осы адамдардың қажырлы еңбегі арқасында елімізде құқықтық тәртіп сақталып отыр.

Назира Тығынбаева 1994 жылдан бастап полиция қатарында қызмет етеді. Оған бала күннен адалдыққа, әділдікке деген құштарлығы себеп болған. Қазір министрліктің Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бас маманы.

Назира Тығынбаева, полиция подполковнигі:

- Менің жұмысым, біздің департаменттің жұмысы – біздің қызметкерлерді қамтамасыз ету. Ақпаратпен қамтамасыз ету. Олар бірден алады ғой. Өйткені бізде ақпарат болмаса олар, тергеу департаменті бар, басқалар жұмыс істей алмайды. Сол үшін біз бүкіл ТМД бойынша, осы Қазақстан бойынша ақпаратпен қамтамасыз етіп отырамыз оларды.

Департамент ақпараттандырумен ғана емес, мемлекеттік құпияларды қорғауды да қамтамасыз етеді. Оған заманауи технологиялардың қарыштап дамуы себеп. Сондықтан қызметкерлер өте қырағы болуға міндетті.

Қанат Мұхамбеталин, ҚР ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаменті бастығының орынбасары:

- Ішкі істер органдарында 30 жылдан артық жұмыс істеген. Өте білікті маман. Қолынан талай түлектер өткен. Олардың өздері көп биіктерге жетіп жатыр. Біздің басқармада үлкен қызмет атқарады. Ол кісінің арқасында талай азаматтардың айырылған машиналары, көліктері қайтарылған.

Қазақстанда биылғы бес айда 79 көлік ұрлығы тіркелді. Былтыр дәл осы кезеңде 149 мүлік қолды болған. Департаменттің жүйелі жұмысы көрсеткішті 44%-ке азайтып отыр. Дегенмен, қызметтегі талапшыл маман отбасында мейірімді анаға айналады.

Жәмиля Ерболатова, студент:

- Қатал адам. Бірақ оның қатігезі тек қана жұмыс арқылы көрсетіледі. Және де ол өте мықты деуге болады. Көп нәрсе үйретеді. Анам өзі әрқашан өтірік айтпау дегенді айтады.

Назира Тығынбаева балаларына адал, еңбекқор, мұқтаж жандарға көмек қолын созу керектігін үнемі айтып отырады. «Себебі, бұл қасиеттер кез келген адамның бойынан табылуға тиіс», - дейді.

Назира Тығынбаева, полиция подполковнигі:

- Сенбі-жексенбі күндері балаларға көңіл бөлуге тырысамыз. Жолдасымыз екеуміз. Кинотеатрға барамыз, парктерге барамыз Астанада. Қыдырып, кішкене көңілдерін көтеруге тырысамыз. Ал басқа уақыттар 80% жұмыста өтеді ғой.

Екі бала тәрбиелеп отырған подполковниктің жақында отбасына уақыт бөлуге мүмкіндігі көбейеді. Себебі биыл еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетке шығады. Бос уақытын балаларына арнамақ.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Бағдат Қайыркен