Петропавлда төрт жайлы мектеп салынады

Бұл мақсатқа ұлттық жоба аясында 21 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды 24kz.

Заманауи оқу ордалары қай шағынаудандарда бой көтереді? Құрылыс қарқыны қалай жүріп жатыр?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Петропавлдағы «Орман» шағынауданы жыл сайын кеңейіп келеді. Соңғы жылдары мұнда көпқабатты үйлер салынып, көшіп келушілер көбейді. Бірақ оларды мектептің жоқтығы мазалайтын. Сондықтан құрылысқа осы жер таңдалды.

Елена Пендрикова, қала тұрғыны:

- Біздің Алтын дала көшесінде жаңа мектеп салынып жатыр. Бұл ең алдымен осы жақта тұратын ата-аналар үшін қуанышты жаңалық болды. Өйткені көбі орталыққа қатынап оқиды.

600 орындық мектептің іргетасы былтыр қыркүйек айында қаланған. Нысан жаңа оқу жылына дейін тапсырылуы тиіс. Жоба бойынша үш қабатты ғимараттың жан-жағы абаттандырылып, спорт алаңдары салынады.

Сәкен Ілиясов, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Қазіргі уақытта бетондау жұмыстары аяқяталды. Қыш өру жұмыстары аяқталды. Сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге сыртқы су құбырларын тартып жатыр. Және де жылу құбырлары тартылып жатыр.

Дәл осындай тағы бір мектеп «Береке» ықшамауданында салынып жатыр. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метр болатын ол мектеп те 600 орынға арналған. Бұл нысандардың басты артықшылығы – техникалық жағынан озық құрал-жабдықтармен қамтылады.

Динара Анафина, Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл ұлттық жоба бойынша тағы екі мектептің құрылысы басталады. Олар «Қапай» және «Жас өркен» ықшамаудандарында орналасады. Қазір қалада 7 мың орын тапшы. Сондықтан бұл нысандар бізге өте қажет.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Петропавлда салынып жатқан жайлы мектептің екеуі биыл тапсырылады. Ал қалған екеуі келесі жылдың соңына жоспарланып отыр. Бұл бір ауысымда бірден 3 мыңға жуық оқушыны орта біліммен қамтуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов