Қара жолдың бойында жазым көбейіп барады

Өткен 4 айда 4 мыңнан аса көлік апаты болған.

Былтыр осы уақта бұл көрсеткіш 3 353 еді. Сөйтіп, бұған кінәлі кім? Жайдақ жол ма, өкпек жолаушы ма?

Көлік көбейген сайын жол көлік апаты да артып барады. Иә, қара жол қателікті кешірмейді. Жауапкершілі жүгі басым. Алайда оған аңдамайтындар көп. Былтыр белгісіз адам халыққа қызмет көрсету орталығының мәліметтер базасын бұзып, теориялық және практикалық емтихан тапсыра алмағандарға 35 жүргізуші куәлігін заңсыз алып берген. Сот ісінде жауап бергендердің бірі емтиханнан өте алмағанын, екінші рет тапсырмай, кейін осылай сатып алғанын айтқан.

Жанат Жаналиев, нұсқаушы:
- Ең қиыны қайталап оқып, үйрену. Оқуға келген адамдардың көбі көлікті айдай алғанымен, ережені білмей жатады. Рөлді қалай ұстау қажет, қалай бұрылу керек, жол белгілері нені білдіреді. Осындай сұрақтарға жауап бере алмайды. Көбі мен білемінге салып, қайта оқуға ерінеді.

2022 жылы 14 834 жол көлік апаты болып, 1893-інде адамдар көз жұмған. Оның 12 876-ына көлік жүргізушілері кінәлі. 422-іне жаяу жүргіншілер себеп болған. Жол көлік апаты жиі болатын өңірлер бірінші Алматы қаласы, кейін Алматы облысы мен Жамбыл облысы тұр. Ал 2023 жылы 15 886 жол көлік апаты тіркелген. Оның 1984-інде адам опат болды. 14 128-іне көлік жүргізушісі кінәлі, 618-і жаяу жүргіншілердің кесірі. Жол апаты көп орын алған өңірлердің үштігі өзгеріссіз. 2024 жылдың бірінші тоқсанында 4 мыңнан астам көлік апаты тіркелсе, оның 284-інде адамдар жазым болған. Ал жиі апат болатын өңірлерге Маңғыстау облысы қосылған.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Талдауға сүйенетін болсақ, негізі жол апаттарының басты себептері ол қарапайым қағидаларды сақтамау. Жол көлік оқиғаларында қаза болатын адамдардың саны әлдеқайда азайған. Әрине жылдардың арасында айтатын болса, кішкене өсімдер байқалады. Бірақ жалпы адам өлімінің, адам шығынының саны төрт мыңнан екі мыңға азайды деп айтуға болады.

Сондай-ақ жол бойында көліктің малға соқтығысуынан  Алматы мен Түркістанда жол апаты жиі болады. 2022 жылы осы факт бойынша 167 оқиға тіркелсе, оның басым бөлігі Алматы мен Түркістанда болған.  Былтыр 160, өткен 4 айда 29 көлік апаты тіркелсе, оның көбі тағы да осы екі облыста орын алған.

Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі:
- Республикалық жолдарда үй жануарларының жол апатының санын азайту үшін біз 1500 шақырымдық арнайы бөгет орналастырдық. Сетка қойылды. 113 мал айдайтын айналмалар қойылды. Бүгінгі күні біз барынша жануарлардың салдарынан жол көлік оқиғасын азайту үшін жасап жатырмыз.

Жыл басынан бері жол жүру қағидаларын бұзу бойынша  4 млн 700 мыңнан астам оқиға тіркелген. Оның ішінде көлікті мас күйінде айдаған 10 мыңнан астам жүргізуші айыппұл төлеп, жүргізуші куәлігінен айырылды. Ал қарама қарсы бағытқа шығып, ережені бұзған 4000 жүргізуші енді көлікті 6 ай басқара алмайды. 

Авторлары: Зарина Кәп, Ақылбек Есимсеитов