Қызылорда облысында жағалауды дрон бақылайды
Балаға абай болайық.
Қызылорда су жағасына түн жамылып келетіндерді дронмен аңди бастады.
Өйткені жыл басынан бері өңірде 10 адам суға кетсе, оның сегізі бала. Осы себепті үздіксіз рейд жүріп жатыр.
Маусым айы басталғалы Қызылордада ауа температурасы 40 градустан төмендемей тұр. Дәл осы кезде тұрғындар Сырдарияның жағасына келіп сая іздейтіні белгілі. Бірақ демалыстың барлығы бірдей көңілді аяқталмауы мүмкін. Мәселен жыл басынан бері 8 бала суға кетіп қаза тапты.
Бірер күн бұрын жағажайға саяхаттап барған отбасының бір баласы Қамбаш көліне батып кетті. Жалпы жаз басталғалы өңірде 4 баланың өмірін тілсіз жау жалмаған.
Бақыт Ембергенов, ТЖД жедел құтқару жасағының басшысы:
- Тоғызыншы сынып оқитын екі бала «Ягодка» саяжайында суға кетті. Осыдан бір апта бұрын Шиелі ауданының Хонқожа көлінде, демалу кезінде тоғызыншы сынып оқитын бала суға кетті. Арал ауданы, Қамыстыбас көлінің Аққұмшық жағажайында гидроциклмен суда жүзу кезінде аударылып кетті. 5 жасар қыз ата-анасымен бірге серуендеуге шығып, суға кетіп отыр.
Суға шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар тәулік бойы өзен-көлдер мен су арналарын бақылауға алды. Ол үшін күн сайынғы кезекшілікке жүзге жуық қызметкер жұмылдырылады. Дегенмен ескертуді елегісі келмейтіндер аз емес. Тіпті түн жамылып, рұқсат етілмеген жерлерде суға сүңгитіндер де кездеседі. Оларды анықтау үшін қою қараңғыда да көру мүмкіндігі бар арнайы дрон құрылғылары қолданылады.
Әділет Ораз, құтқарушы:
- Бұның биіктігі 3 шақырымға ұшады, ұзақтыққа 5 шақырым. Ал үш шақырымға ұшқаннан кейін көру аумағы 22 шақырымға дейін қарауға болады. Бұл құрылғыда түнгі мезгілде адамды қоңыр түс ретінде көрсетеді. Сол кезде адамның суға түсіп жатқанын көруге болады.
Дронның көмегімен бір түнде орта есеппен судағы қауіпсіздікті сақтамаған оннан астам дерек тіркеледі екен. Оларға заң аясында айыппұл салынады. Құтқарушылар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Тыйым салынған жерлерде суға шомылудың соңы орны толмас қайғыға ұрындыруы мүмкін екенін үнемі ескертеді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев