Көлігіңізде ақау жоқ па?

Жол жүрдің екен, темір тұлпарыңды сайлап шық. Көлік жаңа болса жөн, ескісін қайтеміз?

Бұл үшін ара-тұра техникалық байқаудан өткізіп тұрған дұрыс дейді мамандар. Ал көліктің алдымен қай жері сыр береді?

Бұл техникалық байқау орталығы жылына жүздеген көлікті сынақтан өткізеді. Айнасынан бастап, түтіндегі зиянды қалдық мөлшеріне дейін тексереді. Көбінесе тежегіштен кемшілік табамыз дейді мамандар.

Айбек Жайынбеков, техникалық байқау орталығының меңгерушісі:
- Көбінесе машиналардың ақаулықтары тежегіш жағынан болып келеді. Тежегішін біз тексеріп, жақсы істеп тұрса, ручник жағын қараймыз. Қалай ұстап тұрғанын. Көбінесе ақаулықтар габаритінен болып келеді. Габарит не артқы тежегіші жанбайды. Өзіңіз білесіз, артқы тежегіші жанбаса, ол өте қауіпті. Өйткені алдыңғы машина тежегіш бергенін артқы машина көрмейді.

Әрине қауіпсіздік үшін тежегіште ақау болмауы керек. Жүргізушінің айналаны кедергісіз көргені де маңызды.

Айбек Жайынбеков, техникалық байқау орталығының меңгерушісі:
- Машинаның сыртқы жағдайына қараймыз, қандай жағдай екенін. Өзі машинаның көріп тұрғаныңыздай, сыртқы әйнегіне қараймыз, терезесіне. Ол терезесі сынық болғанна кейін бізден өте алмайды. Себебі әйнегі сынық болып тұр. Бұл машинаға тек қана бере алатынымыз, айта алатынымыз, шынысын алмастырып келуі керек.

Көлігінен кінәрат табылған адамға 10 күнге анықтама беріледі. Осы уақытта көлігін жөндеп үлгеруге тиіс. Кейінгі кезде көліктердің техникалық жағдайына қойылатын талаптар күшейді. Соның арқасында жыл басынан бері көліктегі кемшіліктен болатын апат тіркелген жоқ.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Биылғы бес айда көлік құралдарының техникалық жағдайы және жабдықталуының сай болмауына сәйкес жол апаттары тіркелмеген. Бірақ былтырғы есепті мерзіммен салыстыратын болсақ, былтыр 5 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда бір адам қаза тауып, 11 адам түрлі дене жарақатын алған. 

Қазір шыққанына 7 жыл толмаған көліктер техникалық байқаудан өтпейді. Ал жолаушылар мен қауіпті жүктерді тасымалдайтын көліктер жарты жыл сайын тексеріледі. Дегенмен, көліктерге қойылатын талаптарды әлі де күшейту керек дейді ұлттық аккредиттеу орталығы комиссиясының хатшысы Айдос Құлмағамбет.

Айдос Құлмағанбет, Ұлттық аккредиттеу орталығы комиссиясының хатшысы:
- Түркия, Еуропа елдерін ала кететін болсақ, олар автокөліктің сапасына қатты мән береді. Ол жағынан мысалы үшін, егер де автокөліктің техникалық бақылауы бір жерде түзу болмаса, олар ол автокөлікті өз мемлекеттерінде жүргізбейді былай айта кететін болсақ. Ал біздің Қазақстан Республикасын айта кететін болсақ, кейбір жерлерде ескі көліктерді көріп жатасыздар. Сондай ескі көліктерді техникалық бақылаудан өткізбеу керек негізі.

Техникалық байқау орталықтарының жұмысын мемлекет бақылайды. Бүгінде елде 950 техникалық байқау операторы бар. Жыл басынан бері тексеру барысында 270 қателік жібергені анықталды. 8 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ырыстанбек Оспанов