Құқықтық көмек беру жеңілдеді
Шымкентте жыл басынан бері жалақысын даулап жүрген 400-ден аса жұмысшының еңбек ақысы төленді.
21 кәсіпорыннан 100 миллионнан аса теңге өндірілді. Қызметкерлердің құқығына немқұрайлы қараған мекемелер арасында қауіпсіздік ережелері де жиі бұзылады. Ел бойынша 500-ге жуық жұмысшы жарақат алса, оның 59-ы қаза болған. Адам құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық қордың өкілдері осындай дерек келтірді.
Биыл Ұлас Өтеген еңбекке қабілеттілігінен жұмыс уақытында айрылғанын дәлелдеді. Айтуынша біраз жыл бұрын қаскөйлердің қолынан оққа ұшып, көп қан жоғалтқан. Дәрігерлер жігіт ағасын аман алып қалу үшін бір аяғына ампутация жасады. Бірақ содан бері жұмыс беруші мекеме тарапынан ешқандай қолдау болмаған.
Ұлас Өтеген, қала тұрғыны:
- Адам өзі аяқтан айрылғанда өз-өзін тастап жібереді ғой. «Не болды? Қалай болды?» деген сияқты. Одан кейін басқа өмір жоқ па деп. Кейін-кейін осылай заңды тұрғыда Еңбек инспекциясына барып, жаздық. Маған керек нәрсенің бәрі сол жұмыс орнынан беріледі. Санатория ма, протез ба, көмектің бәрін сол жақтан аламын.
Қайғылы жағдайдан өмірі өзгерген жігіт ағасының құқығын қорғауға Еңбек инспекциясы көмектесті. Жұмыс берушілерден заңнамаға сәйкес өтеме ақы өндіріліп, жалақысы да сақталды.
Еңбек нарығында құрылыс индустриясының қауіпті сала екені рас. Инспекторлардың мәліметінше, жазатайым оқиғаның көбі осы құрылыс басында болады. Құрылыс қарқын алған қалада қауіпсіздік ережесі сақтала бермейді. Құрылысшылар құқығының аяқ асты болатын кезі көп.
Қалада жыл басынан бері 2 жазатайым оқиға тіркелді. Салдарынан 6 адам түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға түскен. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда азайғанымен, еңбек заңдылықтарының сақталмауы көбейді. Инспекцияға 900-ге жуық өтініш келіп түсті. Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы мен сақтандыру жарналарын аудармау фактілері жиі кездеседі.
Бауыржан Қалжанов, қалалық мемлекеттік Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:
- Күзет компанияларынан көп арыз-шағымдар түседі. Сонымен қатар жеке меншік балабақшалар, жеке мектептерден де түседі. Біздің ақпараттық жүйе бір-бірімен интеграция жасалған ғой. Сондықтан осы база қауіптілік дәрежесі жоғары компанияларды шығарады. Бізде мысалы 9 компанияны шығарған екен. Сол компаниялардың қазір мәселелерін қарадық.
«Жағдайды реттеу үшін халықаралық тәжірибелерге сүйенген жөн», - дейді қоғам белсенділері. Олар қолданыстағы заңнаманы жетілдіріп, «Еңбек адамы» мәртебесін көтеру қажет деп есептейді. Жұмысшылардың құқықтарын қорғау үшін қоғамдық қорлар мен кәсіподақ ұйымдары тығыз байланыс орнатуға мүдделі.
Анар Ізден, қоғамдық қор өкілі:
- Бұл қиындықтарды қалай жоюға болады? Біріншіден, біздің қор тарапынан қоғамдық комиссия құрылды. Бұл жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында бітімгер болу. Өйткені бұл халықаралық деңгейде бар практика.
Бауыржан Әлтеев, қалалық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
- Біз оны медиация, болмаса заң клиникасын ашып қойдық. Ол жерде не істейміз? Бізге қандай да бір сұрақпен еңбек дауы ма, кәсіподақ мүшесі болса жеке бастың мәселелері бойынша тегін консультация беріп, соның толықтай шешілуі үшін біз қолдаймыз.
Сондай-ақ, қоғамдық қордың бастамасымен «Әділдік құқығы» интернет порталы ашылды. Онлайн жүйе арқылы еліміздің әрбір тұрғынына тегін заңгерлік кеңес беріледі. Сонымен қатар, олардың құқықтық сауаттылығын көтеруге жұмыс істейтін болады дейді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан