Егін науқаны. Абайда алқап ұлғайды

Биыл Абай облысы бойынша егіс алқабы ұлғайған. Былтыр 745 мың гектар жерге дәнді дақыл егіліп, 1,5 млн тонна жемшөп алынған еді.

Мамандар 2024 жылы өнім көлемі ұлғаяды деп болжап отыр. Өңірде қазір егін егу науқаны аяқталды. Көктемгі дала жұмыстарына 12 мыңға жуық техника тартылыпты.

Бейсенғазы Жұмабековтің Приречный ауылында тұрғанына 20 жылға жуықтаған. Жастайынан еңбекке араласып, егін шаруашылығымен айналысады. Алқапта жұмыс істеу – шаруаның сүйікті ісі.

Бейсенғазы Жұмабеков, шаруа:

- Жұмысқа үйреніп алған адам жата алмайды. Таңғы төрттен оянып, кешкі тоғыз-онға дейін жүре беруге әбден қалыптасып алдық қазір. Неше жыл болды ғой. Ерінбей еңбек етсең өнімді аласың, тастап кетсең өнімсіз қаласың. Солай ғой.

Біз тұрған аумақ 600 гектар жүгері алқабы. Қазір мұнда тіршілік қызу. Шаруалар жүгеріні түптеп, тыңайтқыш сеуіп жатыр. Жалпы бұл өнім негізінен мал азығы ретінде қолданылады.

Семейдегі «Приречное агрофирмасында» жүзден астам маман жұмыс істейді. Соның отызы егістікте еңбек етеді. Шаруашылық басшылығы жұмысшы мамандығына адам тапшы дейді.

Думан Құмаров, шаруашылық басшысының орынбасары:

- Механизатор өте тапшы. Одан кейін шопыр да тапшы. Қазіргі уақытта бұрыннан келе жатқан жұмысшыларымыз бар, солармен жұмыс істеп жатырмыз. Техникаларды жылда жаңартамыз. 1-2 трактор алып, ескісін есептен шығарамыз.

Абай облысында майлы дақыл 3%-ға, жем-шөп дақылдарының егіс алқабы 2%-ға ұлғайды. Өңірде дәнді дақыл – 306, жем-шөп – 129 мың гектар жерге егілген. Мамандар биыл өнім көлемі артады деп отыр. 

Мирас Маратұлы, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Облысымыздың диқандары өнімнің шығымдылығын арттыру мақсатында 31 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізген болатын. Біздің диқандарымыз зиянкестер мен арам шөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір 199 мың га алқапта дезинсекция жүргізілді. 

Айта кетейік, биыл Абай облысы бойынша көктемгі дала жұмыстарына 12 мыңға жуық техника жұмылдырылды. Диқандарға 9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, «24.KZ», Абай облысы