Сыбайластардың сазайын берер «Барыс»

Елде жыл басынан бері жемқорлыққа қатысты 947 қылмыстық іс тіркеліп, 660 адам сотталған.

Олардың басым бөлігін Антикордың арнайы мақсаттағы “Барыс” жауынгерлері қолға түсірді. Құрылғанына 2 жыл болған бөлімше, өздеріне жүктелген тапсырманы 100 пайызға мүлтіксіз орындап келеді. Ол қандай бөлімше?

Жемқорлық елдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Оны осы жауынгерлердің қауырт қызметіне қарап-ақ байқауға болады. Осылайша, антикор басшылығы арнайы бөлімшені мүлде түсіруге болмайды деген қатаң қағиданы бір ретке жеңілдетіп, халыққа көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де Президентке тікелей бағынатын мемлекеттік орган. Олар халықтың ақшасына қол сұққандарды, парақорлықпен айналысқандарды анықтайды. Соның аса қауіпті санатындағыларына яғни арнайы күзетпен жүретіндер мен қару асынғандарға қарсы “Барыс” жауынгерлері жұмылдырылады. Бүгінде аталған бөлімшенің штаб-пәтері Астанада. Олар тергеушілердің астыртын жүргізген ісі бойынша Қазақстанның кез келген нүктесіне жедел әрі құпия түрде аттануға дайын.

Данияр Бекайдаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- “Барыс” арнайы жасағынынң құрамында 2 дүркін әлем чемпиондары, “Күрең берет” иегері бар. Сонымен қатар құрамында еңбек сіңірген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберлігіне үміткерлер қызмет атқарады.

“Барыс” құрамында кіл сен тұр, мен атайын дейтін жігіттер. Барлығы тәжірибелі. Олар антикорға дейін өзге де күштік құрылымдардың таңдаулы жасақтарында қызмет атқарған. Бөлімше қатарына іріктеу қатаң түрде жүргізіледі. Яғни бойы 180 см-ден ұзын,білімі жоғары, физикалық және психологиялық тұрғыда мықты жігіттерге басымдық беріледі. Сонымен бірге, ең бастысы спорттағы көрсеткіштері жоғары болу керек.

Данияр Бекайдаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- Кикбоксинг, қоян-қолтық, самбо, еркін күрес, дзюдо, ережесіз жекпе-жектен кәсіби спортшылар бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кубогіне арналған арнайы және құқық қорғау органдары арасында жекпе-жек бойынша республикалық турнирде жалпы командалық есеп бойынша агенттік спортшылары бірінші орын иеленді.

Биыл әзірге агенттік қызметкерлерінің арқасында 200 млрд-қа жуық ақша мемлекетке қайтарылған. Ал 2022 жылдан бері жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын мүліктік активтер мен қаржы өндірілген. Сондықтан болаттай берік “Барыс” бөлімшесінің жемқорлық саласындағы қызметі орасан.

Мерей Қанапия, Ержан Қанапияұлы, 24.KZ