Қостанайда 770 мың гектар жерден шегіртке ошақтары анықталды

Қостанай облысында 770 мың гектар алқапта шегіртке ошақтары анықталған.

Әсіресе зиянкестер облыстың оңтүстік аудандарында көп кездеседі. Қазір жаппай химиялық өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Жағдай қалыпты десек те, мамандар шегіртке қаупі әлі сейіле қоймағанын айтады.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Науырзым ауданында италияндық прус деп аталатын шегірткенің ең бір зиянды түрінің ошағы көп. Егер оны дернәсіл кезінде жоймаса, кең таралуы мүмкін. Ал қанаттанып кеткен + кезінде ол жолындағы егінжай, жайылымдардың бәрін жайпап өтеді. 

- Осылай он шақырым ба, бес шақырым ба жаяу жүреміз. Координаттарын береміз. Сосын сол координаттарымен улайтын адамдар келеді. 

Науырзым ауданы бойынша осындай жеті зерттеу тобы жұмыс істеп жатыр. Олар күні бойына алқаптарды аралап, шегіртенің дернәсілі шоғырланған жерлерді анықтайды. Инспектор-зерттеуші Нұрбол Ермағанбетов соңғы он бес күннің ішінде 50 мың гектар жерді зерттеп шыққан. 

Нұрбол Ермағамбетов, зерттеуші инспектор:

- Группа-группаға бөлінгенбіз біз. Бір екі-үш бригаданы бір 30 мың, 40 мың, 50 мың гектарды бір адам бір машинамен, улайтын машинамен қарайды. Сосын тағы 30,40 шақырымнан кейін екінші машина, бригадалар сол жақта. Кешкі 8-ден 9-ға дейін хабарға шығамыз, кім қай жерден тапты, қанша улағанын бір-бірімізге айтып отырамыз. 

Сосын зерттеушілердің анықтаған жерлері бойынша дәрілеушілер жорыққа шығады. Қазір Науырзым ауданында химиялық өңдеуге 15 техника тартылған. Бір ұшақ, екі дельтаплан бар. 

Сергей Малецкий, оператор:

- Біз үшін ауа райы аса маңызды. Жауынды, ыстық күндері жұмыс істей алмаймыз. Сондықтан түңгі сағат екіден таңғы алтыға дейін, сосын кешкі сағат сегіз, тоғыздан түннің бір уағында дейін у себеміз. Желді күні шықпаймыз. Өйткені оның ешқандай тиімділігі болмайды. Ал ыстықта у буланып кетеді. 

Шегірткемен шайқасудың көпшілік біле бермейтін өзіндік әдіс-тәсілі бар. Балаңқұрттың кешке қарай бір жерге жиналғанын күтеміз. Сол сәтте жойған тиімді-дейді мамандар. 

Сәулеш Алдажұманова, Науырзым аудандық аумақтық инспекциясының басшысы:

- Су тасқыны болғанда жатқан жерлерінің үстімен тағы жермен жабылып қалған ғой. Содан 3-5 сантиметрге салса, бұлардың жұмыртқалары астына кетіп қалған ғой, 7-8 сантиметрге дейін, содан жер жылынған сайын. ақырындап-ақырындап шығып жатқандығы, сол кішкене қиындау. Өйткені бірнеше рет шыға береді бір орында. 

Науырзым ауданында 180 мың гектарда химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Бүгінде соның үштен бірі еңсерілді. Зиянкестер егістік алқаптарының шет жағында байқалғанымен, егінжайға нұқсан келтіре қоймапты. 

Қанат Сәндібеков, Науырзым аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бүгінге өте зиян келтіріп жатқан жоқ, бірақ көбейіп жатыр. Қазір Буревестник сельский округта, сосын Дәмді, Қожа жағында, сол жақтарда көбейіп жатыр. 

Науырзым ауданы бойынша биыл 260 мың гектарға дәнді дақылдар себілді. Зиянкестер залал келтірмесе, диқандардың күзде жақсы өнім аламыз деген үміті бар.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг