Құлсарыда 100 үйдің құрылысы басталды
Құлсары қаласында көктемгі тасқын кезінде баспаналары суға кеткен тұрғындар үшін 100 жеке үйдің құрылысы басталды.
Қиын жағдайға тап болғандар үшін мемлекет қолдауымен қаражат көзі анықталып, құрылысшылар жедел іске кірісті. Қазіргі жоба бойынша 30 үйдің іргетасы құйылып, қабырғалары қалана бастады. Осылайша, Құлсарыда «Болашақ» деп аталатын жаңа ықшам аудан пайда болмақ.
Құлсары қаласы бойынша көктемгі тасқын кезінде 2500-ден астам тұрғын үй жарамсыз болып қалған еді. Бүгінде 2000-нан астам тұрғынға қаражат беріліп олар баспаналарын жөндеуге кірісті. Ал өздері сала алмайтын жандарға мемлекет жайлы жаңа үйлер салып беруді қолға алды. Әзірге жергілікті билік бөлген уақытша орында тұрып жатқандар қыркүйек айында «Болашақ» ықшам ауданының тұрғыны атанады.
Жұмабек Бектұрғанов, Құлсары қаласының тұрғыны:
- Ағамыз екеуміз тұрамыз. Осы «Болашақтан» үй күтіп жатырмыз. Үйімізді жарамсызға шығарып қойды, жарамсыз. Пайдаға аспайды.
Бауыржан Жасақбаев, Құлсары қаласының тұрғыны:
- 1-топ мүгедегімін, зағип жанмын. Осында жатқанымызға 2 ай болды. «Болашақтан» үйімізді күтіп жатырмыз. Басынан бастап осындамыз. Жылы күнде бітіріп үй берсе екен.
Мемлекет қолдауына мұқтаж жандар үшін салынып жатқан бұл үйлердің әрқайсысы 3 бөлмеден. Жалпы көлемі-100 шаршы метр. Атқарушы биліктің шешімімен биыл күзге дейін Құлсары қаласынан 100 жеке тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Қазір 80 үйдің құрылысы қатарынан жүріп жатыр. Оны 6 мердігер мекеме жүзеге асыруда. Құрылыс материалдары мен қаражаттан кідіріс жоқ.
Дархан Тілепберген, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
- Қаржыландыру көзі «Қазақстан халқына» қорынан. Ал 20 үйдің құрылысы жергілікті бюджеттен қаржыландырылады деп жоспарлануда. Қазіргі күні 80 үйдің 20 іргетасын құю жұмыстары аяқталды. 11 үйде тас қалау жұмыстары жалғасуда. Жалпы құрылыстың аяқалу мерзімі қыркүйек айына жоспарланып отыр.
Әзірге құрылыс алаңында 120-дай жұмысшы мен 30-ға тарта техника жұмыс істеуде. Қажеттілігіне қарай қосымша тағы да тартылады. «Болашақ» деп аталатын жаңа ықшам ауданның электр желісі, ауызсу, газ құбыры секілді инфрақұрылдары да мемлекет есебінен жүзеге аспақ. Тасқын салдарынан баспанасыз қалған тұрғындар енді 2 айдан соң жаңа да жайлы қонысқа көшетін болады.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин