Ақтөбе облысының Нұра ауылында 74 үй салынып жатыр
Ақтөбе облысының Нұра ауылында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жаңадай 74 үй салынып жатыр.
Құрылыс ауыл маңындағы Сарыоба деген жерде жүріп жатыр. Бұл учаскені ауылдықтардың өзі таңдады. Көгілдір отын, ауызсу мен электр желілері тартылады. Қажетті құрылыс материалдары уақытылы жеткізіліп жатыр, дейді құрылысшылар. 11 мердігер компанияға үйлерді уақытында тапсыру міндеті жүктелген. Тасқын кезінде баспанасынан айырылғандар үшін Ырғыз ауылында да 50 үй салынып жатыр. Жалпы аудан бойынша 167 үйді су басқан. Мамандардың айтуынша, 6 үй жөнделіп, 134-і жаңадан салынады. 27 отбасы дайын үйге қоныс аударған.
Аслан Жарасбаев, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Нұра ауылын Сарыоба жеріне көшіріп жатырмыз. Соған байланысты инженерлік желілер тарту қажет. Ал мектепке келетін болсақ, мектептің жобасы қазіргі таңда жасалынып жатыр. Бірақ ол мектеп бір жылда бітетін шаруа емес. Сондықтан осы оқу жылында балаларды қай жерде оқыту мәселесі әлі де қаралуда.