Көктемгі тасқын Орал қаласын абаттандыру жоспарына өзгеріс енгізді
Биыл облыс орталығында 24 аула мен 1 жүргіншілер жолағын көркейту жоспарланған.
Бірақ бұл былтырдан қалған жобалар. Ал жаңасын жүзеге асыруға қаржы аздық етіп тұр.
Жамбыл көшесінде салынып жатқан жаңа алаңдар балақайлардың сүйікті орнына айналды. Осы жерде олар таң атқаннан күн батқанша шапқылап ойнайды, әткеншек тебеді, бос уақыттарын көңілді өткізеді, спортпен айналысады. Тек балалар емес, ересектер де осында асығады.
Линара Сихова, Орал қаласының тұрғыны:
- Терезеден көріп тұрамыз ғой. Осында таңғы уақытта әжелер де келіп, жүріп, жүгіріп, саламатты өмір салтымен айналысып жатады. Жақын жердегі аулалардың балалары осында жиналады. Тіпті жаңа үйлерден де келеді. Өйткені мынандай мықты алаңдар оларда да жоқ.
Қазір жаңа алаңдағы құрылыс аяқталып келеді. Жиектастардан кейін аулаішілік жолдар асфальтталмақ. Орал қаласында жалпы алғанда 537 аула бар. Соңғы 3 жылда соның 61-і абаттандырылыпты. Бұл жұмыстар тұрғындардың белсенділігіне байланысты кезең-кезеңімен жүргізілмек. Биыл су тасқынына байланысты жаңадан аулалар абаттандырылмайды. Былтырдан қалған жобалар аяқталады.
Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
- Ауланы абаттандырғасын КСК, ОСИ басқаруға, күтіп-ұстауға беретін боламыз. Неге десеңіз, ағымдағы жылдан бастап «Таза Қазақстан» акциясы іске асып жатыр. Қаланың жалпы орталық аумақтарын жергілікті атқарушы органдар бөліп, санитарлық тазалық жұмыстарын өзіміз жүргізсек, көп қабатты аулалар қараусыз қалып жатады. Бұл жұмыстарды заңға сәйкес аула тұрғындары КСК, ОСИ-мен бірге реттеуі қажет.
Аулалармен қатар биыл саябақ, скверлерді көркейту жұмыстары да басты назарда. Оралда 57 демалыс орны болса, биыл соның 3-і жөнделеді. Зашаған кенті Саратов трассасы бойында жаңадан тынымбақ салынады.
Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
- Үлкен демалыс орны. Соңғы 10 жылда көптеген көп қабатты тұрғын үйлерді бердік. Сәйкесінше тұрғындарға арнап демалыс орындарын жасауды жөн көрдік. Үлкен арық бойында өрнектас төселген жүргіншілер алаңы болады. Әрқайсысы блок-блокпен балалар ойын алаңы, спорт алаңы орналасатын болады. Жолдың арғы бетіне шығу үшін 9 жерден көпірлер орнататын боламыз.
Құрылысына 730 миллион теңге қаржы қаралған жүргіншілер тынымбағын қыркүйектің алғашқы жартысында, қала күніне орай пайдалануға беру көзделген.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Е. Меңдіғалиев