Суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет

Шомылу маусымы кеше ғана басталғандай еді.

Осы екі ортада Семейде 3 адам суға кетті. Күн ысыған соң Ертістің жағасында адам көп. Бұдан бөлек Ақмола облысында кейінгі бір тәулікте 3 адам суға батқан. Құтқарушылар қауіпті аумақтарға белгі қойып, өзен бойында рейд жүргізіп, ескертіп жатыр. Бірақ тыңдаушы аз.

Күн сайын 2 мыңнан астам адам Ертіс жағасына шомылуға келеді. Кеше ғана құтқарушылар екі адамның батып жатқанын байқаған. Біреуін құтқарып үлгерді. Ал 2005 жылғы жас жігіт тілсіз жаудың құрбаны болды.

Димаш Асқаров, азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
- 2005 жылғы жасөспірім достарымен шомылып жүрген. Алкагольді сусын ішпеген. Бірақ белгісіз себептермен суға кетті. Шомылу маусымы басталғалы Абай облысының аумағында үш адам суға батып, қайтыс болды.Олардың екеуі бала. ТЖ департаменті тұрғындарға және қала қонақтарына қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді.

Осыдан біраз уақыт бұрын 12 жастағы қыз бала суға кете жаздаған еді. Құтқарушылар қырағылық танытып, жасөспірімді аман алып қалды.

Рустам Бейсханов, құтқарушы:
- Жағажайды бақылап жүріп, қыз баланың көмекке шақырып жатқанын естідік. Әріптесім Руслан бірден суға секіріп, оны жағаға шығарды. Біздің міндетіміз - қауіпсздікті қадағалау. Келушілер терең жерге кетіп қалмауы керек, бұл олардың өміріне қауіп төндіреді. Соңғы күндер өте ыстық болды. Осындай кезде шомылуға келетіндер көбейеді.

Семейде тек екі жағажайда шомылуға рұқсат берілген. Оның өзін қауіпсіз дей алмайсың. Қоғам белсенділері жағажайды абаттандыру үшін жергілікті әкімдіктен көмек сұрап отыр.

Сергей Провенко, құтқарушы:
- Мемлекеттен жағажайды абаттандыру үшін қолдау сұраймыз. Өйткені тұрғындарға қауіпсіз жағажай жасақталуы керек. Біз халық үшін жұмыс істейміз. Біз үшін бастысы тұрғындардың қауіпсіздігі. 

Ақмола облысында да соңғы бір тәулікте 3 адам суға кетті. Оның біреуі бала. Екі адамның денесі әлі іздестіріліп жатыр. Шомылу маусымы басталғалы өңірде 6 адам қайтыс болған. Оқыс оқиғаның көбі Целиноград ауданында тіркеліп отыр.

Асхат Ақылжанов, ТЖД бастығының орынбасары:
- Қазір кеше суға кеткен екі адамды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Оқыс оқиғаның дені мас күйде көлге түсіп, балаларды қараусыз қалдырғаннан болады. Бүгінгі таңда аймақта 82 шомылу орны бар. Оның 68-і жекеменшік болса, 14-і коммуналдық жағажайлар.

Төтенше жағдайлар қызметі жағажайларда жаз бойы кезекшілік ұйымдастырады. Дегенмен қайғылы жағдайлар азаяр емес.Сондықтан мамандар суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы,Медет Өмірханов