Көлік жүйткитін күре жолдар қашан ашылады?

Біраз жылдан бері созбаққа түсіп, аяқталмай жатқан күре жолдардың да құрылысы биыл аяқталуға тиіс.

«Қазақстан Даму Банкі» республикалық маңыздағы жолдарды қалпына келтіру үшін 450 млрд теңге несие береді. Бұл қаржыға 5 мың шақырымнан астам жол жөнделеді.

2027 жылдың соңына дейін ел аумағында жол құрылысы қарқын алады. Облыс орталықтарын елдімекендермен байланыстыратын бағыттар мен республикалық маңызы бар трассалар да қалпына келмек. Ал биыл қандай жолдар қолданысқа беріледі?

Биыл ұзаққа созылған күрежолдардың құрылысы аяқталады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты. Вице-премьердің сөзіне сүйенсек, жыл соңына дейін Талдықорған – Өскемен, Астана – Алматы күре жолдары және батыс аймақтағы жолдар қолданысқа беріледі. Бұл мақсатта қомақты қаржы бөлініп отыр.  

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі:
- Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда 4 инфраструктуралық бағыт бойынша тапсырма берген болатын. Бұл – бірінші, жолдарды салу мен жөндеу. Бұл салаға біз 1 трлн теңгеден астам қаржы бөліп жатырмыз биыл. Соның есебінен 12 мың километр жол жөнделіп, салынатын болады.

Нақты айтсақ, биыл 4 маңызды автожоба мәреге жетеді. Бұлардың қатарында 965 шақырымдық Астана – Алматы күрежолы бар. Мердігерлер Балқаш маңындағы учаскелердегі жұмыстарды аяқтауға тиіс. Бұдан бөлек Ақтөбе – Қандағаш жолының жартысы салынып бітті. Сондай-ақ Талдықорған – Өскемен арасындағы жолмен көлік зырлайтын күн жақын.

Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК ресми өкілі:
- «Өскемен-Талдықорған» автожолының ұзындығы 768 шақырымды құрайды. Бұл жолдың бүгінгі күні 58 шақырымы І-б санатына, ал 710 шақырымы ІІ санатқа жатады. Қазіргі таңда 748 шақырымға жаңа асфальтбетон төселді. Бұл қайта жаңарудан өтетін «Талдықорған – Өскемен» автожолы үш облысты қамтиды: Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан. Жоба аясында 81 көпір мен жол өткелдерін, сондай-ақ 521 су өткізгіш құбырларын салу жоспарлануда.

Сонымен қатар Атырау – Астрахан жолында жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде 60 шақырымнан астам жолға асфальт төселді. Енді қалған 200 шақырым жыл соңына дейін жөнделеді. Мұндағы құрылыс 2018 жылы басталған еді. Ал 426 шақырымдық Қызылорда – Жезқазған жолы екі жылда ел игілігіне беріледі.

Авторы: Нұрқанат Қанапия