Биыл 3 мың шақырым республикалық маңызы бар жаңа тасжол төселеді
Жолдың жайын жүрген білер. Елде айнадай тегіс трассамен қатар, ойдым-ойдым жолдар да жетерлік.
Олқылықтың орнын толтыру үшін биыл 3 мың шақырым республикалық маңызы бар жаңа тасжол төселеді деген жоспар бар.
Сондай-ақ жылдар бойы жыры бітпеген бағыттар да бар. Қала мен даланы жалғап жатқан жолдардың жайы қалай?
Төрт жылда 35 мың шақырым асфальт төселіп, жол жөнделді. Бұл дала мен қаланы, ауыл мен ауданды жалғаған қатынас бағыты. Оның 2,2 мыңы реконструкцияланды. Ал республикалық маңызы бар 12 мың км, жергілікті желідегі 21 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша талаптарға сай тасжолдардың республикадағы үлесі 92, ал өңірлік маңызы бал бағыттарда 87 пайызға жетті. Дегенмен салада ілкімді істермен қатар іркілістер де бар. Ақпанда өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы елде сақалды құрылыс атанып кеткен жолдар бар екенін ескертті.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Еліміз үшін айрықша маңызды «Астана-Балқаш-Алматы» тас жолы әлі күнге дейін жөнделіп біткен жоқ. Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахан», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Талдықорған-Өскемен» жолдарының жөнделіп жатқанына 5 жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс. Бұл жерде бірнеше мәселені ескеру қажет. Республикалық маңызы бар жолдардың тендерін көп жағдайда тек шетел компаниялары ұтып алады. Мұндай жобаларға қолынан іс келетін, тиісті техникамен жабдықталған өз кәсіпорындарымызды тарту керек.»
Жайлы жолмен қатар трасса бойындағы сервистің қолайлығы да маңызды. Бұл бағыт бойынша бес жылда 200 ден аса нысан салынды. Осылайша стандартқа сай қызметтік обьектілердің үлесі 52 ден 82 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ, қолданыстағы жолды күтіп ұстау да маңызды. Мұндайда қыста қар күреп, көктемде қарғын сумен алысатын, ал ала жаздай қоқыс теретін жолшылардың еңбегі адал.
Сәкен Ділдахмет, «Қазавтожол» ҰК» АҚ ресми өкілі:
- Жыл сайын бізде республикалық маңызы бар жолдарда жолды күтіп ұстау жұмыстары жүргізіледі. Қысқы мезгіл қалай басталады, жолдың қарын тазалау, арнайы белгілерді орнату. Көктем шыға келе көктемде күтіп ұстау жұмыстары, қыстан кейін жолдың кейбір жерлері ойылады. Кейбір жерінде, мысалы, қайта жөндеу талап етеді. Одан бөлек мына жолдың бойында жолақтарды бояймыз. Жолдың бойында әжетхана бар. Оларды тазалау, жол бойында қоқыстарды теріп, күтіп ұстау он екі ай бойы жүргізіледі.
Қатынас құралдарын жаңалау да күн тәртібінде. Көк түтіні будақтап, бауырын әрең көтеріп жүрген ескі көліктер бес жылда 20 пайызға азайған.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы