Павлодарда қарағай мен шырша сиреп барады

«Ағаштар жаппай ауруға шалдықты», - дейді мамандар.

Биологтардың айтуынша, қылқан жапырақты ағаштарды құтқаруға болады. Ол үшін зиянкестерге қарсы күресті күшейту керек. Бірақ бұл жұмыс әзірге тек жоспар күйінде қалып отыр.

Әнуарбек Жанғұлов орман шаруашылығының маманы. Ол ағаштардың жаппай қурағаны күтімнің жоқтығынан дейді. Өйткені зиянкестерге қарсы өңдеу жүргізілмейді. Қарағайларға құрт түскеніне біраз жыл болыпты.  

Әнуарбек Жанғұлов, орман шаруашылығының инженері:
- Бұл қарағай көбелегі. Ол екі-үш жыл ішінде
ағашты толығымен жояды. Мәселе бес жыл бұрын басталған болатын. Қазір міне қарағайлардың  40-45 пайызы қурап жатыр. Құтқаруға болады әрине. Ол үшін жәндікті қуыршақ кезінде өңдеу керек. Қанаты шыққан кезде ұстау қиынға түседі.

Қысы -жазы өңін бермейтін сұлу шыршалардан сән кеткен. Қала ішінде қураған ағаш көп. Зиянкестер де қаптады. Олар қарағай мен шыршаны ғана емес, қайыңды да жеп   жатыр.

Татьяна Пономарева, биолог-сарапшы:
- Қарағай қалқанымен барлық ағаштар зақымданған. Бүгінгі Павлодарда сау ағаш табу қиын. Біз оны бірнеше жыл бойы зерттеп келеміз. Жою өте қиын. Бірақ санын азайтуға әбден болады. Зиянкестерке қарсы күрес даму кезеңінде жүргізілсе, нәтижелі болады.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы ауруға шалдыққан ағаштың есебін жүргізбепті. Сондықтан қарағайлар мен шыршалардың қанша проценті ауруға шалдыққаны әзірге белгісіз. Есесіне санитарлық ағаш кесумен тұрақты түрде айналысады. Биылдан бастап зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстарын қолға аламыз деп отыр.

Бағдат Жанғұлова, қалалық ТКШ бөлімі сектор меңгерушісінің міндетін атқарушы:
- Бүгінгі күні препарат алынды. Ары қарай жұмыс жоспарын бекітіп, іске кірісеміз. Ең алдымен саябақтар мен скверлерде өсіп тұрған ағаштар
өңдеуден өтеді. Қала ішін толық қамтимыз.

Зиянкестерді жою, қаланы көріктендірумен айналысатын фирмаға жүктеледі. Мердігер компаниямен үш жылдық келісімшарт жасалған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков