Бүгін - Мағжан Жұмабаевтың туған күні
Жарты ғасыр бойына өлеңі оқылмақ түгілі, есімі де аталмай келген ақын қазақтың болашағы, бірлігі үшін күресті.
Жалпақ алашқа ұран салған күрескердің отты жырлары өртеліп жойылғанмен, ғайыптың күшімен бүгінге жетті. Оның өлеңдері дәл бүгін жазылғандай әсер қалдырады.
Қазақ зиялыларының көбі қапаста ғұмыр кешті. Олар «Ат жақсысы кермеде, Ер жақсысы түрмеде!» деп өздерін жұбатты. Солардың бірі - Мағжан Жұмабаев. Мағжанның туған жылы белгілі болғанымен, өлімі жұмбақ. Дереккөздері 1938 жылы атылды десе, Бауыржан Момышұлы өз естелігінде көргенін айтады. Қалай болған күнде де Мағжан Жұмабаев «Күннен туған баламын, жарқыраймын жанамын!» деп жыр жазып күллі қазаққа Күн болды.
Олжас Қасым, ақын:
- Мағжанның поэзиясын қыдыра шолатын болсаңыз, күн стихиясы алдыңғы орында тұрады. Алаш ардақтыларының көбі осы күн тақырыбын басты тақырып ретінде алды. Ол жерде ұлттың мұрат-мақсаты, даму стратегиясы, барлығын күнмен байланыстырды. Мағжанның өлеңдерін қарайтын болсаңыз «Күннен туған баламын, жарқыраймын жанамын» деп жазады.
Болашағына сеніммен қараған ақынның бірі – Мағжан Жұмабаев. Қандай уақыт өтсе де оның жазған дүниесі көнерген емес. Сол жырлары арқылы қазақты күн сөнгенше сөнбейтін ұлтқа айналдыруды ойлады.
Серік Негимов, жазушы:
- «Ұзын Орал күн мен түн шекарасы, Бір жағы - түн, бір жағы - күн баласы», - дейді. Міне, кешегі күнге дейін бұл түсінілген жоқ. Не айтып тұрғаны. Әлемдік геосаяси жағдайға қарағанда Мағжан қалай айтқан. Ғаламдық, жаһандық жағдайды қалай айтқан. Не деген данышпандық, не деген көрегендік.
Кеңес үкіметі кезінде қысым көрген Мағжан Жұмабаев Алаш туының аспандауын көздеді. Басын бәйгеге тікті. Сөйтіп жүріп отты өлеңдерін қалдырды. Қазақ әдебиетіне өз қадасын қақты.
Серік Негимов, жазушы:
- Ұлттық поэзия тарихында Мағжан Жұмабаевтың ақындық, даналық өнегесі айырықша. Абайдың қос қанаты бар. Бір қанаты – Сұлтанмахмұт, екінші қанаты – Мағжан Жұмабаев. Ұлт руханиятында, жалпы Тұран тарихында оның дауысы айырықша.
Олжас Қасым, ақын:
- «Мен жастарға сенемін» деген әйгілі өлеңі бар. Бұл енді өлең ғана емес, ұлттың алдына қойған стратегиялық құжат деп те айтуға болады. Сол арқылы ол қаншама жастарды тәрбиеледі.
Мағжан Жұмабаев: «Тау суындай гүрiлдер, Айбынды алаш елiм дер, Алтын Арқа жерiм дер, Мен жастарға сенемiн!» - деп ұрпаққа сенім артты. Ол Елінің болашағына сенді.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Бағдат Қайыркен