Жылу маусымына дайындық неге мардымсыз?
Үкіметте, тасқын салдарымен күрес мәселесімен қатар, алдағы жылу маусымына дайындық барысы да пысықталды.
Елдегі жылу беру нысандарын жаңғырту жұмысы баяу жүріп жатыр. Әсіресе батыс аймақтарда жұмыс мардымсыз. Бұл туралы Премьер-министр айтты.
Үкімет отырысында алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталды. Операторлар бекіткен кестеге сәйкес 10 энергоблок, 55 қазандық пен 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған ед. Әзірге оның ішіндегі 1 блок, 6 қазандық және 9 турбинада ғана жөндеу аяқталды. Қалған нысандарда жұмыс жалғасып жатыр.
Бұл туралы энергетика министрі баяндады. Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов мамырдағы отырыста жөндеу мерзімін ұзартуға болмайтынын ескерткенін айтты. Белгілі болғандай, жылу берушілер министрлік пен операторлармен ақылдаспай, кестені өздері өзгерткен. Демек, салада бақылау жоқ деді Премьер-министр. Қазір Роман Скляр аймақтарды аралап жүр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Биылдың өзінде ғана кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген. Бұған әкімдіктер мен энергетика министрлігінен келісім де алынбаған.
Былтыр халықты әбігерге салған жылу қазандықтары бар. Мысалы Риддер, Екібастұз, Теміртауда жылу маусымында апатты жағдайлар тіркеліп, халық біраз уақыт үйде бүрсеңдеуге мәжбүр болғаны белгілі. Бір ескерерлігі мұнда да белгілі бір себептерге байланысты жөндеу жұмыстары басталмаған не ұзаққа созылып жатыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Екібастұз жылу орталығында жөндеу жұмыстарының басталу мерзімі ауыстырылған. Теміртауда 2 қазандықты жөндеу жұмыстары басталмай тұр.
Үкімет басшысы жылу нысандарын жаңғыру жұмыстарын да төмен деп бағалады. Әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстауда бәсең. Бұл жұмыстар негізінен бюджет есебінен жүргізіледі. Бұл ретте тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасы тиісті деңгейде орындалмай жатқанын айтты.
Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін ауқымды кредиторлық берешегі шешілмей тұр. «ҚазТрансГаз-Аймақ» алдындағы берешегі 24 млрд 695 млн теңге. «Богатырь-Көмір» алдында да 6 млрд 029 млн теңге сомасында берешегі бар.
Мерей Мұратханқызы, 24.KZ