Жылыту маусымына дайындық. Тек үш өңірге ғана 16 млрд теңге бөлінген

Үш өңірдегі жылу электр орталықтарын жөндеуге үкіметтік резервтен 16 млрд теңге қаржы бөлінді.

Премьер-министр Олжас Бектенов жылу көздерін жаңғыртып, күрделі жөндеу жүргізу үшін тиісті қаулыларға қол қойған.

Атап айтқанда, Кентаудағы 5-жылу энерго ошағының № 7, 8, 9, 10, 11 және 12 қазандықтарын жаңғыртуға 9 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды.

Риддердегі жылу электр орталығының технологиялық жабдықтары мен инфрақұрылымын жөндеуге – 5 млрдқа жуық, ал Қызылордадағы Оңтүстік қазандықтың, 3 бу қазандығының реконструкциясына 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Сонымен қатар Екібастұздағы жылу ошағының 4 қазандық агрегатын күрделі жөндеуден өткізуге 2 млрд 400 млн теңге бағытталса, сол жерде тұндырылған су магистралін салуға 988 млн теңге аударылады.

Айта кетейік, бұған дейін Көкшетау қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінген еді.