Елдегі жылыту орталықтарының 60 пайызы тозған

Жылыту маусымына дайындықты ерте бастап кеткен аймақтар да бар.

Орал, Кентау, Қарағанды облысы биыл жұмысты елден ерте бастады. Өзге өңірлер де қам-қарекетсіз емес. Алайда алдағы қыстан қысылмай шығу үшін әлі талай тірлік тындырылуы тиіс. Маңызды науқанға әзірлік қалай?

Елімізде жылу желілерінің жалпы ұзындығы 13 мың шақырым. Оның жартысыннан көбі ескірген. Жылу орталықтарының да 60 пайызға жуығы тозып тұр. Әсіресе Кентау, Екібастұз, Арқалықтағы жағдай көңіл көншітпейді. Қыс келсе, аталған өңірлердің тұрғындары баз кешеді. Жағдайды түзеу үшін аймақтар маңызды науқанға әзірлікті қазірден үдетті.

Мәселен, Кентауда биыл жылу электр орталығы толық жаңғыртудан өтпек. Оған Үкіметтен 9 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл қаражатқа сондай-ақ 4 су айдайтын құрылғы мен 14 шақырымнан астам жылу құбыры ауыстырылады.

Төлеу Әшірхан, жылу орталығы басшысының орынбасары:

- Қазандықтар қазір 90% жылуға дайын. Енді 10% жұмыстары қалды солар бітсе, онда 2 қазандық дайын болады. 9-10 қазандық қазір нөлден бастап жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қарашаға дейін бітіру керек. Сонымен 4 қазандық дайын болады. Одан кейін 7-12 қазандық ол да жөндеуден өтеді.

Оралдықтар да жылда жылу маусымында әбігерге түседі. Оған басты себеп – жарамсыз желілердің шамадан тыс болуы. Сондықтан биыл аймақ атқамінерлері саланы жаңғыртуға 12 млрд теңге қаржы бағыттап отыр. Қазір 70 мың тұрғынды қамтитын №5 жылу магистралінде жұмыс қызу. Бұдан бөлек, жылу қазандығының да жағдайы назарда. Енді олардың орнына турбоагрегат орнату пысықталып жатыр. 

Бақытжан Әкімғожин, жылу орталығының бас директоры:

- Жылу электр орталығы бойынша тозу – 87,8%. Қазіргі таңда біз 2 қазандықты күрделі жөндеуді жоспарлап отырмыз. Оның біреуін 15 сәуір жылыту маусымы біткесін бастап кеттік. Қазіргі таңда 50%-ке жасалып тұр. Сонымен қатар біздің жылу электр орталығында газ-турбиналық қондырғы бар, «Хитачи» деген. Биыл соны жоспарлап отырмыз. Инвест бағдарлама аясында, көмекші құралдар дейді ғой, соны кезең-кезеңмен ауыстыру жоспарда бар.

Жалпы, биыл Үкімет Павлодардағы жылу желілерін жаңалауға резервтен 9 млрд теңге қосымша қаржы бөлді. Мұнда желі деген аты болмаса, көбі шіріген. Мамандар жаңасын салу анағұрлым тиімді екенін айтады. Мәселен, таяуда шаһарда ұзындығы 2 жарым шақырым болатын жаңа жылу магистралінің құрылысы басталады. Құны 3,6 млрд теңге.  Жоба 41 мыңнан астам тұрғынның қыстан қысылмай шығуына мүмкіндік береді.

Асхат Жақыпов, ҚР ЭМ атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басқарма басшысы:

- Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында биыл электр станцияларында 10 энергоблокта, 55 қазандықта және 45 турбинада жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бекіткен кестеге сәйкес, қазіргі уақытта 3 энергоблокта, 32 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 1 энергоблокта, 6 қазандықта және 9 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 20,9 мың шақырым электр беру желілерін жөндеу жоспарланған.

Маңызды маусымға әзірлікті мемлекет қана емес, жылу орталықтарының иелері де қаперге алғаны абзал. Себебі жаңа Заңға сәйкес, жұмысына селқос қараған кәсіпкерлерге жауапкершілік күшейтілді.

Назерке Тоқжан, 24.KZ