Сыр бойындағы сығырайған жарық
Жаздың ыстық күндері Қызылорда облысының кей елді мекендерінде жарық сығырайып қалады.
Бұл туралы электр тарату компаниясының төрағасы айтып отыр.
Өңірде кейінгі екі жылда электр энергиясын тұтынатын абоненттер саны 5 жарым мыңға көбейді. Соған байланысты жарық желілеріндегі кернеу 23 пайызға дейін төмендеген.
«Жыл сайын өңірде жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысының артуы да, тоқ көзіне деген сұранысты көбейтті. Мәселені шешу үшін, өңірде биыл құны 11 миллиард теңге болатын 38 жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар Қызылорда қаласында 24 қосалқы станция жаңаланады. Қуаттылығы жоғары жаңа электр станциясын салу да жоспарда бар, - дейді мамандар.
Батыржан Қаракөзов, "Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы" АҚ басқарма төрағасы:
- Үлкен қосалқы станцияның жобасын жасап, қазір мемлекеттік экспертизаға тапсырылуда. Сол мәселе шешілсе, бір-екі жылдың ішінде құрылыс салынса, ол кезде бізге мүмкіншілік береді, сапасын көтеруге. Екі жақтан бізде кернеу келеді, тұтынушыларға жақсы, сапалы кернеу, электр қуатын жеткізуге мүмкіншілік береді.