Ақши ауылындағы ауызсу мәселесі қашан шешілмек?

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ақши ауылында бір апта бойы су болмады, деп хабарлайды 24kz.

Өткен ғасырдың 70-жылдарында салынған орталықтандырылған ауызсу құбыры жүйесі жарылып кеткен. Ауылда мұндай жағдай жиі қайталанады. Дегенмен, құбырдағы ақау жөнделіп, Ақшиге бүгін ауызсу келді. Бірақ тіршілік нәрі ауыл тұрғындарына кесте бойынша беріліп жатыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Сынап бағанасы 40 градусқа дейін көтерілген аптап ыстықта Ақши ауылының тұрғындары бір апта бойы ауызсу тапшылығын тартты. Күрті ауылдық округі әкімдігіндегілер жергілікті тұрғындарға сумен жабдықтау жүйесінде апатты жағдай болғанын және 3-4 күн бойы жөндеу жұмыстары жүретінін алдын ала хабарлаған. Тіршілік нәрі көше-көшеге арнайы техникамен тасымалданды. Абырой болғанда, құбырдағы ақау жөнделіп, бүгін таңертең Ақшиге ауызсу берілді.

Меруерт Жолдыбайқызы, ауыл тұрғыны:

- Қысы-жазы осындай проблема. Біресе ана жері жарылады, біресе мына жері жарылады. Ылғи осы. Үйімізде кәрі кісілеріміз бар, мүгедек адамдарымыз бар. Бала-шаға бар, осы су мәселесінен ылғи қиыншылық көреміз. Бізде бау-бақша жоқ. Бау-бақша салайын десең, оны суғаратын су жоқ. Арық жоқ бізде ГРП-да.

Гүлнар Дүйсембаева, ауыл тұрғыны:

- Осы Ақшиде бір апта су болған жоқ. Су болмағанда бізде водовоз су тасып жүрді. Содан су алып жүрдік. Енді бүгін бәрі жақсы, су алып жатырмыз.

Дегенмен, ауылға ауызсу арнайы кесте бойынша беріліп жатыр. Өйткені 1972 жылы төселген орталықтандырылған ауызсу құбыры жоғары қысымға шыдамайды. Ұзындығы 78 шақырымдық су құбырдың 50 шақырымы ауыстыруды қажет етеді. 20 шақырымдай құбыр 2005-2006 жылдары қайта төселген.

Нұрислам Сайлаубаев, Бозой топтық су құбыры мекемесінің басшысы:

- Халық 30 теңгеден төлейді. 368 теңге 89 тиын мемлекет тарапынан субсидияланады. Жазғы мезгілде қысқы мезгілге қарағанда суды қолдану 3-4 есе жоғары. Белгілі бір кубқа дейін 30 теңгемен, одан кейін жоғары тарифпен төленетін қылып жасасақ, онда бізде ауызсудан проблема болмауы мүмкін.

«Ақши ауылындағы ауызсу тапшылығын түбегейлі шешу үшін қаржы бөлініп, арнайы жоба жасалды. Алдағы жылы Қараой ауылынан Ақшиге дейін жаңа құбыр тартылады», - деді Күрті ауылдық әкімдігіндегілер.

Төлеген Омаров, Күрті ауылдық округінің әкімі:

- Былтыр 63 млн теңге қаражат бөлінген. Оны конкурстық жариялаумен 55 миллионға жоба жасайтын компания ұтып алды да, қазіргі таңда жобаны аяқтады. Енді сараптамаға кірді қазір, тіркелді. Сол себептен бір айдың ішінде сараптама шығады. Ол жоба шамамен 4-4,5 млрд теңгенің сомасы болады.

Алматы облысындағы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98%-тік межеге жетті. Дегенмен, өңірдегі су құбыры желілерінің 65%-і әбден ескіріп, тозған. Кеңестік кезеңде төселген 641 шақырым құбыр, яғни, 20 елді мекендегі сумен жабдықтау жүйелері қайта жөндеуді қажет етеді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов