Көкжазық көгілдір отынмен қашан қамтылады?
Жетісу облысының Көкжазық ауылының халқы екі жылдан бері көгілдір отынды күтіп жүр, деп хабарлайды 24kz.
Осыдан екі жыл бұрын басталған газдандыру жобасы аяқсыз қалған. Жергілікті әкімдіктің табылдырығын тоздырған тұрғындар еш нәтиже шықпаған соң редакциямызға хабарласты.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Көкжазық ауылы өңірді газдандырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына енген. Ескелді ауданына қарасты өзге де елді мекендермен қатар мұнда да газ құбырын тарту жұмыстары басталған еді. Дегенмен, мердігер компания ауылдағы орталық көшелерге ғана құбыр тартқан.
Арнур Салов, Көкжазық ауылының тұрғыны:
- Бір ұйым келіп басын бастап жасап келе жатыр еді, олар өзгеріп кетті де, басқалары келді. Олар жұмысты бастамай жатып кетіп қалды. Негізі өзгерістер жақсы. Ауылда өзгерістер жүріп жатыр. 2 жылдан бері жол жасалып басталды бірақ жартылай тоқтап қалды. Газ жасалып басталды, ол да жартылай тоқтап қалды. Басталған жұмыс бітпей жатыр да.
Арслан Ержанов, Көкжазық ауылының тұрғыны:
- 3 жыл бойы басын бастайды да қайтадан жоқ боп кетеді. 4-5 компания ауысып кетті осы біздің ауылымызға газ тартып жатқан. басын бастайды да, кетіп қалады. Нақты не болып жатқанын біз білмейміз.
Ауыл тұрғындары алдағы қыста тағы көмір жағатын түрі бар. Сондықтан, осы бастан отын қорын жасақтай берген жөн. Облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев осылай дейді. Себебі, бұрыңғы мердігер міндетін жөнді орындамаған соң арадағы келісімнің күші жойылған. Енді газ құбырын тарту жұмыстарына қайтадан мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіледі.
Айдос Бекетаев, облыстық ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Бұрынғы мердігерлік компания «Ремстрой» деген болатын. Біз онымен келісімшартты бұздық. Олардың келісімшарты 1 маусымға дейін болған. Осы уақытқа дейін жұмыстар жасалмады. Біз оларға хабарландыру бердік. Хат жаздық, арестке шоттарын қойдық. Қазір сот процестері жүріп жатыр. Биыл газды біз енді қараша айына дейін кіргіземіз деп уәде бере алмаймыз.
Көкжазыққа газ құбырын жүргізетін ендігі мердігер шілде айында белгілі болмақ. «Құбыр тарту жұмыстары кемінде 9 айға жалғасады», - дейді мамандар. Ал, Көкжазықпен көшілес Қаратал ауылының тұрғындары үшін көгілдір отынның игілігін көретін күн алыс емес. Жыл бұрын басталған жұмыс аяқталуға жақын.
Еркінғали Рахиманов, учаске шебері:
- 20% жұмыс қалды. Күзге дейін бітіреміз, бітіруге тырысамыз. Жұмыс қазу жүріп жатыр. Бізде жалпы 28 шақырым. 28 шақырымның 3 шақырым 200 метрі қалды.
Жалпы Жетісу облысы бойынша жыл соңына дейін 30 елді мекен газға қосылуы тиіс. Оның 9-ы осы Ескелді ауданына қарасты ауылдар.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Гульнар Жантасова, Куаныш Тургенбаев