Блогерлерге арналған гранттық бағдарлама іске қосылды
Әлеуметтік желілердегі контент авторларына арналған гранттық бағдарлама іске қосылды, деп хабарлайды 24kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Медиа дамыту қоры» ұйытқы болған байқаудың негізгі мақсаты – Instagram, TikTok немесе Youtube арнасында бірегей контент жасап жүрген авторларды қолдау. Грант көлемі ұсынылған өтінімге сай 3-7 млн теңге аралығында анықталады. Қаржылай қолдауға 14 жастан асқан кез келген қатысушы өтінім білдіре алады. Бірақ басты талап – YouTube арнасында 5 мыңнан 50 мыңға дейін тұрақты көрермені болуы тиіс. Ал Instagram мен ТикТок парақшасындағы оқырмандар саны 5 мың мен 100 мың аралығында болуы шарт. Гранттық бағдарламаның іріктеуіне қатысу үшін өтінімдер 24 шілдеге дейін қабылданады.
Әсел Серікпаева, «Медиа дамыту қоры» бас директорының орынбасары:
- Оның бірі әлеуметтік желілердегі контент авторларына арналған болса, екіншісі өңірлердегі шағын БАҚ акселерациялау. Екі грантты жариялаймыз. Конкурстық комиссияның тізімін жарияламаймыз. Өйткені қатысушылар тарапынан оларға қысым болмасын деп. Одан бөлек, комиссия мүшелері бір-бірінің кім екенін білмейді. Өздеріңіз білесіздер, 15 мамырда медиа-тренерлерге арналған грантты жариялаған болатынбыз. Ол гранттың аяқталуына 5-ақ күн қалды. Бұл бағдарламада 5 млн-ға дейін грант беріледі. Аналитикалық журналистика, медиа-этика, сыни көзбен қарау сияқты бағыттар бар.