Ақтөбе облысының жолдарын жөндеуге бюджеттен ₸66 млрд бөлінді
Сапалы жол – өркениет өзегі. Осы арқылы көлік қатынасы жақсарады, жүк тасымалы мен тауар айналым артады. Тіпті еңбек ресурстарының ширауына ықпал етеді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл өз кезегінде экономиканың барлық секторларындағы белсенділіктің артуына жол ашатыны түсінікті. Алайда, жол сапасының маңыздылығы мұнымен шектелмейді. Өйткені тақтайдай тегіс жолдар тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмірінің жайлы болуына да тікелей әсер етеді. Елімізде жол жөндеу мен салу жұмыстарының қарқыны қалай? Қанша шақырым трасса жөнделеді?
Ақтөбеден Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын бағытындағы 262 шақырым жолдың биыл 56 шақырымына ғана күрделі жөндеу жасалады. Төрт жолақты, бірінші санатты асфальт төсеу көзделген. Бұл жолдың жүргізушілердің сынына ұшырағалы бірнеше жылдың жүзі болды. Жолаушылар ойдым-ойдым асфальтпен жүру мүмкін емес дейді. Халықаралық дәліздің қашан қалыпқа келетінін өңірдегі тілшіміз анықтап білді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Ресей шекарасынан еліміздің оңтүстігі, Қостанай облысы арқылы Астанаға бет алғандардың бағыты осы. Самара – Шымкент жолының бұл учаскесінің бүгінгі күйіне қарап халықаралық дәліз деу қиын. Себебі күрделі жөндеу көрмегелі 20 жылға таяған жол талай жүргізушіге сын болды.
Жәнібек Жұмаділов, жүк көлігі жүргізушісі:
- Өте шаршатады. Тоқтайсың, жай жүресің 15-20 км сағатына. Одан артық жүре алмайсың. Ауыр учаскелер дейміз ғой. Жолдары шұқыр-шұқыр. 200-250 км өту үшін жарты күн уақытымыз кетеді. Көлік деген ходовойды құртады. Дөңгелектер жарылып жатыр.
Блиц:
- Бүгін таңертең жолда жүк көлігі жанып кетті. Жолдың шұрық-тесігінде дөңгелегі жарылған. Оны жүргізуші байқамай бірнеше шақырым жүріп өтеді. Қатты қызған резеңке тұтанып, көлігі жүгімен бірге өртеніп кетті.
Тәулігіне шамамен 16 мың автомобиль жүйткіп өтетін жолдың бойында жауапты мекеме өкілдері ой-шұқырларға уақытша жамау төсеп жүр. Ең қауіпті учаскелерінде мердігер ағымдағы жөндеу жұмыстарына кіріскен. Шамамен 62 шақырымы жаңартылады. Ал, көпшілік күткен күрделі жөндеуі жақын күндері басталуы тиіс.
Ринат Оразғалиев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиал басшысының орынбасары:
- 7 телімге бөлінген. Оның қазір 2 телімінде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Барлығы 56 шақырымда. Қазір 791 мен 819 шақырым аралығында, 28 шақырымда мердігер анықталды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары шілденің 1-інен басталады.
Жергілікті маңызы бар бағыттарды жаңарту жоспарына көктемгі су тасқыны айтарылықтай өзгеріс енгізген. Себебі облыста 51 жолды сең бұзған. Көпірлер қирап, кей жерлерде асфальтын шайып кетті. Атап айтқанда, Ойыл, Қобда, Мұғалжар мен Темір аудандарын байланыстырып жатқан бағытты дереу жөндеу қажет.
Есет Аманбаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Жүргізілген есептеулерге сәйкес 5,4 млрд теңге қаражат қажет етеді. Осылар бойынша қазіргі таңда облыстық резервтен ақша бөлу мәселесі қарастырылатын болады. Кейбір шайып кеткен жер телімдерін қайтадан төселінеді. Құбырлар өзгертіледі және де көпірлер қалпына келтірілетін болады.
Жалпы биыл облыс жолдарын жөндеуге бюджеттен шамамен 66 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. 181 жоба жүзеге асырылады. Оның өзінде өңірдегі асфальт жолдарының 80%-і ғана қанағаттанарлық күйге жетеді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков