Алматыда Оқушылар сарайындағы обсерватория өз жұмысын бастады

Астрономияға құштар балалар үшін жағымды жаңалық. Алматыда 20 жылға жуық үзілістен кейін Оқушылар сарайындағы обсерватория өз жұмысын бастады, деп хабарлайды 24kz.

Кешен ғарыш құпияларын теңдесі жоқ дәлдікпен және егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік беретін төрт заманауи телескоппен жабдықталған. Оның бірі күнде болып жатқан өзгерістерді бақылауға арналған. Қазірдің өзінде астрономия секциясында 80-ге жуық бала білім алып жатыр. Бүгін қайта жаңартылған обсерваторияны журналистер көрді.

Оқушылар сарайы жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген. Ғимарат 1983 жылы Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен салынған. Оның сәулеті ерекше. Күмбезі алыстан көз тартады. Мұнарасының биіктігі – 40 метр. Дәл сонда обсерватория орналасқан. Бастапқыда нысанға Zeiss шынысы бар телескоп орнатылады. Алайда,1990 жылдардың аяғында сарайдың ісі кері кетіп, обсерватория жабылып, қараусыз қалады. Оны қалпына келтіру туралы бастаманы жергілікті әкімдік көтерген.

Ақсұңқар Арысбай, оқушылар сарайы обсерваториясының меңгерушісі:

- Бізде обсерваторияда балалар жоба жасайды көбісінде. Ол жобадан күн сәулесін зерртеуге және галактика іздеу, планеталарды зерттеу, атмосфераны зерттеу, сондай жобалар жасалып жатыр. Жоба арқылы олар өздерін көрсетіп, білімдерін жетілдіреді. Біздің обсерваторияға 5-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін алып жатырмыз.

Обсерваторияға 4 заманауи телескоп орнатылды. Оның Coronado деп аталатыны күндегі өзгерісті бақылауға арналған. Ал, Unistellar телескобын Оқушылар сарайына екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыйға тартқан. Енді балалар астрономия негіздерін үйренуге тамаша мүмкіндік алды. Бүгінде мұнда 80-ге жуық мектеп оқушысы келіп жүр.

Әбілқайыр Шапаев, мектеп оқушысы:

- Менің жобам «Күннің жалыны және оның жерге әсері» деп аталады. Жобаның мақсаты күн алауының тектоникалық плиталардың қозғалысына әсерін дәлелдеу. Осы жобаны бір ай бұрын бастадым. Мен үшін ғарышты, әртүрлі ғаламшарларды, олардың құрылымын зерттеу өте қызық.

Обсерваторияны қалпына келтіру Алматы Оқушылар сарайына астрофизика саласын дамытуға мүмкіндік берді. Мұнда Venus-SAT жобасы аясында наноспутник жасалды. Оны тіпті өткен айдың соңында стратосфераға ұшырып алғашқы сынақтан өткізіп көрген. Аэростаттың көмегімен құрылғы 30 шақырым биіктікке көтерілді. Ұшу ұзақтығы 4 сағатқа созылды.

Валерий Никифоров, оқушылар сарайының ғылыми-техникалық бөлімінің басшысы:

- Спутникті ұшырудағы мақсат – өлшеуіш құралдарының әртүрлі қабаттарда қалай жұмыс істейтінін зерттеп көру. Одан мәлімет алу. Электрониканың төмен температура мен ауа қабатында қалай жұмыс істейтінін, аккумулятор қуатының қанша уақытқа жететінін тексеріп білу. Осы деректерді ала отырып, біз Семей полигоны сияқты аймақтардағы экологиялық жүйені қалпына келтіруге қалай жәрдем береміз? Біз осы сауалдарға жауап іздейміз.

Оқушылар сарайында қайта қалпына келтірілген тағы бір нысан – шағын метеостанция. Енді мұнда келушілер ауа райын өз бетінше болжап, соған сәйкес астрономиялық бақылауларын жоспарлай алады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев