Павлодар облысында сынап бағанасы 34-35 градусқа көтерілді

Күн шыжып тұр.

Павлодар облысында сынап бағанасы 34-35 градусқа көтерілді. Синоптиктер алдағы күндері ауа температурасы 38-40 градусқа дейін баратынын ескертеді. Енді осы күннің ыстығынан денсаулығы сыр беріп жатқандар көп. Ал құтқарушылар мен өрт сөндірушілер күшейтілген режимге көшті.

Бұл Павлодардың орталық жағажайы. Өткен демалыс күндері онда ине шаншар орын болмапты. Анна Николенко қоғамдық құтқару қызметін атқарады. Су - тілсіз жау, сондықтан қателікті кешірмейді. Әсіресе балаларға сақ болған жөн, дейді ол. 

Анна Николенко, қоғамдық құтқарушы:
- Ыстық күнде адамдар көп келеді. Балалар суға шомылады. Ал ересектер  көлеңкеде демалып жатады. Көбі балаларын жоғалтып алып, көмек сұрайды. Бұл жерде белгіленген орыннан алысқа ұзап кету қауіпті. Жалпы балаларды жалғыз жіберуге болмайды. Ата-аналар осыған мән берсе екен деймін.

Биыл құтқарушылардың жұмысы біршама жеңілдеген. Бақылау мұнарасы ортатылып,  арнайы қайық бөлініпті. Құтқарушылар Ертіс жағасында демалушылардың әр қимылын қалт жібермей қадағалайды. Суда ереже  бұзатындар көп.

Владислав Тамошин, аға құтқарушы:
- Су мотоциклдері мен жеңіл қайықтар шомылу орнына жақын келеді. Біздің ескертуімізге құлақ асып жатқаны шамалы. Олар қатты жылдамдықпен жүреді. Егер жазатайым оқиғалар болып жатса, бірнеше секундта жетіп үлгере алмаймыз. 

Шомылу маусымы басталған екі аптада екі адам суға кетті. Екеуі де арнайы жабдықталмаған су қоймасына шомылуға барған. Күннің ыстығы әсіресе денсаулығы нашар адамдарға ауыр тиіп тұр. Жедел жәрдем қызметіне бір тәулікте 900-ге тарта шақырту түседі. Басым бөлігі жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққандар. Апаттық медицина қызметінің дәрігері тұрғындарға ыстықтан қорғану жолдарын үйретеді. 

Владимир Малихин, Павлодар облысы бойынша апат медицинасы орталығының дәрігері: 
- Күн астында мүмкіндігінше аз жүру керек. Көлеңкеде немесе желдетілетін бөлмеде отырған абзал. Киімге де көңіл аудару қажет. Табиғи матадан тігілген ашық түстерді таңдаңыз. Ыстықта  сусынды көп ішуге кеңес беремін. Ол салқын су болуы мүмкін. Бірақ мұзды судан бас тартыңыз.

Синоптиктер температуралық рекордтар әлі алда дейді. Аптап ыстық осы айдың соңына дейін жалғасады.    

Оксана Овсянникова, Павлодар облысы бойынша «Қазгидромет» РМК метео болжамдар  бөлімі басшысының м.а:
- Ыстық ауа температурасы осы айдың соңына дейін сақталады. Түнде 20-25, күндіз 33-38, кей аудандарда 40 градусқа дейін ыстық болады.

Ал шілде айы жаңбырлы болады деп болжанып отыр. Ылғал қоры артқанымен,  орташа ауа температурасы қалыпты нормаға сай болады. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков