Диқандардың еңбегі зая кетті
Жайықтың бойындағы бау-бақша мен көкөніс алқаптары әлі-күнге суға меймілдеп тұр.
Атырау облысында тасқын кезінде 80-ге тарта шаруашылық зиян шеккен. Индер ауданында бір ғана шаруашылықтың 17 гектар екпе шөп алқабы жарамсыз болып қалды. Қазір арнайы комиссия жұрттың өтінішін қабылдап, тасқын зардабын есептеп жатыр.
Рашит Есбосынов көп жылдан бері жоңышқа егумен айналысып келген еді. Себебі, мал шаруашылығы дамыған өңірде екпе шөпке сұраныс жоғары. Биыл да шаруа жылдағы үрдіспен мамыр айында егіске орақ салуға дайындалып жүрген. Алайда арнасынан асқан Жайық өзені 17 гектар алқапты толығымен шайып кетті.
Рашит Есбосынов, қожалық жетекшісі:
- Көріп тұрғаныңыздай бір күнде басып кетті. Ештеңе жасай алмай қалдық. Енді оратын болып бастап жатыр едік. Шамамен айтқанда бір орымнан 250-дей орам шығатын еді. Арыз бердік. Болады деп үміттеніп отырмыз. Енді жоқ дегенде 15 млн теңгедей шығынға қалып отырмын.
Жоңышқа көп жылдық өсімдік болғандықтан 8 жылға дейін өнім береді екен. Шаруа оның 3 жылын ғана пайдаланған. Міне, қазір көріп тұрсыздар су астында қалған өскіндер енді өнім бермейді. Бұл жерді қайтадан жыртып, дән себу керек болады.
Шаруашылық осы алқаптан жылына 2 000 орама мал азығын дайындайтын. Егер ауылдық жерде 1 бума шөп 15 мың теңге екенін ескерсек, орасан шығын екені анық. Егіс алқабы әлі кеппегендіктен қазір оны өңдеу де мүмкін емес. Енді мелмекет тасқын зардабын өтеп берсе, Рашит биылша бау-бақша егуді жоспарлап отыр.
Абай Әбдіров, аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы:
- Бүгінде бұл шаруашылықтың иесі тиісті өтінішін тапсырды. Барлық құжаттары қабылданып, комиссияға ұсынылды. Енді зардап шеккен шығыны АШБ бұйрығы бойынша тиісті нормативтері бар. Әрбір гектарына норма бойынша есептелініп, тиісті шығыны қайтарылады.
Атырау облысы бойынша тасқыннан зардап шеккен 80-ге тарта шаруашылықтан өтініш түсіпті. Бір қуанарлығы, олардың көпшілігі биылғы көктемгі дала жұмыстарына кірісіп үлгермеген. Тек осындай көп жылдық мал азықтық дақылдар егетін санаулы шаруашылықтар ғана шығынға батып отыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин