Жетісайда мақта алқаптарына су жетпей жатыр
Өйткені каналдар тазартылмайды.
Тіршілік нәрінен тарыққан диқандар бұлай жалғаса берсе мыңдаған гектар алқап кеуіп, қып-қызыл шығынға батамыз дейді. Ал су жеткізуге міндетті «Қазсушар» мекемесі 13 мың каналды тазалауға екі экскаватордан басқа техника жоқ деп қол қусырып отыр.
Дүйсенбай Айнабеков биыл мақтадан мол өнім алуға мүмкіндік аз деп қапалы. Себебі жылдар бойы қоқыстан тазаланбаған арықтарды қамыс басып кеткен. Салдарынан су келмей, табыс табудың орнына шығынға батып жатыр.
Дүйсенбай Айнабеков, шаруа:
- 500 литр сыйған басында, қазір 50 литр сыймайды. Былтыр 18 су сорғыш қойдым. Биыл тағы сондай болып тұр ғой. Жылда оған сорғыш қоя беретін ақшам жоқ.
Ауданда тіршілік нәрін тұтынатын 9 мың шаруа қожалығы бар. Олардың айтуынша, шағын каналдарды тазалауға «Қазсушар» мекемесі қауқарсыз. Мәселені жергілікті билік біліп отырса да, ықпал етпеген. Есесіне ағын судың бағасы жылдан жылға қымбаттап жатыр.
Бақытбек Сүлейменов, шаруа:
- Мысалыға мен 100 литрге өтініш берсем, сол суды уақтылы ала алмаймыз. Суды бөліп бере алмайды, уақтылы жеткізе алмайды. Каналдар су керек кезде тазаланбайды. Шаруаларға су пайдаланушы, су тұтынушыларға ешкім есеп бермейді.
Егістікке қажетті суды жеткізіп бере алмаған мекеме басшысы шағын каналдарды тазалауға техника жетпейді деп ашық айтты. Мәселен өткен жылы аудандағы 778 каналдың небәрі 96-сы тазаланған. Ал биылдыққа тек 64 канал ретке келтірілген.
Бақтияр Жолдасбеков, «Қазсушар» РМК Жетісай өндірістік бөлімшесінің басшысы:
- Канал бетоннан болса, оны тазалау қиын, ол қолмен тазаланады. Ал егер қамыс болса ол жылда өседі. Оны қыста жағып тастайды. Оған ұқсаған 13 мың крестьян бар. Барлығы жабылып жасаса да 13 мың каналды тазалай алмаймыз. Оған тазалауға мүмкіншілігіміз де жоқ. Ешқандай техникамыз да жоқ. Бір экскаватор өзіміздікі, біреуі жалдамалы.
Бұл мәселені «Қазсушар» мекемесінің аудандық бөлімшесі шеше алмайды. Сондықтан, облыстық филиалына бас сұқтық. Мұндағы жауаптылар мәселемен жақсы таныс екенін және алдағы 1 апта көлемінде аталған каналды тазалайтындарын жеткізді.
Жандар Бахашбаев, «Қазсушар» республикалық МКМ Түркістан филиалы директорының орынбасары:
- Бұл мәселе бойынша бізде мамыр айында арнайы техниканы жөндеу бойынша сатып алу порталында ұтыс қаралған. Жеңімпаз анықталған еді. Бірақ заңға сәйкес арыз түсіп, сол мәселе қаралып жатыр. 1 шілде күні мәселе шешіледі. Жетісайда біздің арнайы техникамыз тұр, соны жөндейтін материалдарын дайындап отырмыз. 5 күннің ішінде 25/5 каналын тазалап тастаймыз.
Жыл сайын шығынға батқан шаруалар мәселе шешілмесе Су комитетіне шағым түсірмек ниетте.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш