Әрбір бесінші тұрғын мемлекеттен әлеуметтік көмек алады
Елімізде келер жылдан бастап күнкөріс деңгейі медиандық табыс механизмімен есептеледі.
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Айтуынша, бұл халықаралық практикада атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда қолданылады. Сондықтан Қазақстанда кезең-кезеңмен осы механизм енгізілмек.
Премьер-министрдің орынбасары бүгінде әлеуметтік қолдаудың 27 түрі бойынша қызмет проактивті форматта жүргізіліп жатқанын айтты. Яғни, әрбір бесінші тұрғын мемлекеттен әлеуметтік қолдау алып отыр.
Сонымен қатар, биылдан бастап кеншілер арнаулы 208 мың теңгеден ала бастады. Бүгінде бұл арнаулы төлемді 55 жасқа толған 7 мыңнан аса кенші алып жүр. Бастама былтыр Мемлекет басшысының Жолдауында қарастырылып, қолдау тапқан болатын.