Ескерткіштерді тексеру басталды
Атырауда ескерткіштердің тұғыртастарын жаппай тексеру басталды.
Естеріңізге сала кетсек, кеше кешкісін облыс орталығындағы «Жеңіс» саябағында отбасымен серуенге шыққан 7 жасар қыз баланың үстіне бюст құлап, мерт болған еді. Сондай-ақ 9 жастағы ағасы мен әкесі де жарақат алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген болатын.
Бұған қатысты қалалық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Бүгін атқарушы билік саябақтағы 14 ескерткішті техникалық сараптамадан өткізуді бастады. Қазір саябақ уақытша жұмысын тоқтатты.
Нұржан Ермұханов, қала әкімінің орынбасары:
- Қазіргі уақытта барлық бюсттер Атырау қаласы әкімдігінің тапсырмасымен қоршауға алынды. Бұл бюсттерге негізі «Арнаулы автобаза» ЖШС тазалық жұмыстарын жүргізетін еді. Сонымен қатар барлық құжаттар жинақталып, тексеруші құзырлы органдарға беріліп жатыр. Медициналық-сараптамалық жұмыстар тағайындалды. Қазір қандай жағдайда не болғанын анықтап, қосымша ақпарат береміз.