Бұқтырмадағы көпір құрылысы жарты жылдан соң аяқталуы мүмкін

Шығыс Қазақстанда Бұқтырманың үстінде салынып жатқан көпір құрылысы енді 6 айдан соң аяқталуы мүмкін.

Осылайша шалғайдағы Күршім, Зайсан, Тарбағатай,Марқакөл ауданындағы халықтың көптен күткен арманы орындалады. Барыс-келіс жеңілдейді. Ескі паромдарды сағаттап күтіп, жол азабын тартқан тұрғындар үшін бұл аса маңызды оқиға болмақ. Ең ұзын гидроқұрылғыны салу қалай жүріп жатыр, ол қолданысқа берілген соң паромдар тоқтай ма?

Бұқтырманың арғы бетіне өту жолаушылар үшін нағыз жанталас.Сағат сайын жүретін паромға үлгеру керексің. Алайда үлгерсең де жолдан қалуың мүмкін. Өйткені су көлігіне барлық транспорт сыймайды. Мәселен, асқа бара жатқан мына бір топ адамның көлігі кемеге тиелмей қалды. Енді келесісі келгенше күтуге тура келеді. 

Мәдина Мұқанова, жолаушы:

- Қанша рет осындай  жағдай болды. Үлгеідім ба, жоқ па деп келген кезде жағада қалып қоясың. Кезек үшін талай рет ұрыс-жанжал да болды. Асығамыз деп көлік апатына түскен кезіміз де болды. Енді көпір құрылысы сәтті аяқталса осы келеңсіздіктерден құтыламыз деп ойлаймын. 

Осылайша Бұқтырманың үстінде салынып жатқан гидроқұрылғы құрылысын қарайған халық бақылап отыр. Мұнда нағыз қарбалас. 380 жұмысшы екі ауысыммен істеп жатыр. Қатты жел кезінде ғана шаруа біраз баяулап қалады. 

Нигматулла Абдулхақов, мердігер компания директорының орынбасары:

- Жұмыстың шамамен 80-85 проценті аяқталды. Дегенмен, бұлай деп айту да әлі ертерек дер едім.Өйткені біз алдымен зертханалық сараптама нәтижелерін күтеміз.  Ол мәліметтер қолымызға тиген соң ғана қандай көрсеткіштер туралы нақты, сенімді айтуға болады. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұқтырманың екі жағасынан басталған Күршім көпірінің ұштасуына 300 метр қалды. Бұл да аз шаруа емес. Көпір салынып,қолданысқа берілген соң да мұндағы құрылысшыларды ауыр да ұзақ жұмыс күтіп тұр. Мен тұрған мына уақытша көпірді қайта бұзып, жинап әкету керек. Бұл үшін тағы бір жылдай уақыт кетеді.

Ал кетеуі кеткен көне паромдар көпір қолданысқа берілген соң да су үстінен түспейді. Қатон-Қарағай ауданы тұсындағы айлақпен қатынап, туристік мақсатта қолданылады.

Болатбек Жалдыбаев, паром қызметкері:

- Үлкен грузовойлар болады, соларды өткіземіз,біреуі Большенарым жаққа барады, Онда жұмыс істейді. Ол жақта машиндер бар Катонға келеді, демаламыз деп, адамдар туристер оларды өткіземіз. 

Сондықтан екі паромға қызмет көрсететін 40 қызметкер жұмыссыз қалмаймыз деген сенімде.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабақанов