Бишімбаев пен Байжановқа қатысты үкім өзгертілген жоқ

Астанада апелляциялық сот алқасы Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Сотталушылардың өтінішін қанағаттандырған жоқ. Бұған дейін олардың қорғаушылары істі жаңа құраммен қарауды талап етіп, жазаны жеңілдетуді сұраған еді. Апелляциялық шағымды судьялар Шынар Ерғалиева, Нұрлан Баяхметов және Роза Нұрмұхановадан тұратын сот алқасы қарады. Олар іспен мұқият танысып, қос тараптың уәждерін тыңдады. Сот отырысы 10 сағатқа созылды. Судьялар бірінші сот шешімінің заңға қайшы тұстары жоқтығын, барлық дәлелдемелер мен сараптамалар толық қамтылғанын алға тартты. Ал шешіммен келіспеген тараптың кассациялық тәртіпте сотқа жүгінуге құқығы бар.

Алма Есімова, судья-үйлестіруші:

- Алқа билердің қатысуымен өткен сот отырысы толығымен тексерілді. Барлық дауыс беру парақтары мен оның нәтижелері зерттелді. Сондай-ақ жабық түрде өткен отырыстың аудио жазбаларын тыңдап шықтық. Қылмыстық процессуалдық заңнаманың бұзылғанына байланысты бірде бір факті анықталған жоқ.