Оралда саяжай телімдері мемлекетке қайтарылады

Жайық және Шаған өзені тасуы салдарынан биыл көктемде Орал қаласында 14 жарым мыңдай саяжай учаскесін су басқан болатын.

Соның 8 мыңында үй-жай бар екен. Тұрғындардан түскен өтініштерді зерделеу барысында бау-бақша серіктестіктеріндегі 3 мыңнан астам үйдің азаматтардың жалғыз баспанасы екені анықталды. Күні бүгін 700 тұрғынға пәтер берілді. Қазір осы саяжай телімдерін мемлекет меншігіне қайтарып, үйінділердің орнын тазалау жұмыстары басталды. Күл-қоқысты арнайы полигонға тасып шығаруға 15 жергілікті компания тартылған.

Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Мемлекет меншікке қайтарылғаннан кейін ол жерлер былай айтқанда қараусыз қалып қоймауы керек. Ол жерде тұрғын үйлер, ол жерде құрылыстар болатын болса, зардап шеккен тұрғындардың, қалып қоятын болса жабайы қоқыс алаңы болып кеуі мүмкін. 2 мыңнан астам үйді бұзу керек деп жоспарлаудамыз. Неге десеңіз 2 мыңнан астам тұрғынды тұрғын үймен қамтамасыз ету керек деп ойлаймыз. Бірақ одан көп болып та кетуі мүмкін.