Тасқынмен күрес. БҚО 70 млрд теңге жұмсайды

Батыс Қазақстан облысы көктемгі тасқын кезінде зиян шеккен тұрғындарды баспанамен қамтуға 70 миллиард теңге жұмсайды.

Қазір қажетті қаржы мәселесі толықтай шешілген. Орал өңіріне барған вице-премьер Қанат Бозымбаев аудандарды аралап, құрылыс қарқынын көрді.

Елімізде табиғи апатқа тап болған әрбір үшінші отбасы Орал өңірінде, жаңа құрылыстың жартысынан астамы да осында. Қазір Теректі, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі аудандарында – 401, Орал қаласында – 374 тұрғын үй салынып жатыр.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев аудандарды аралап, Орал қаласындағы құрылыс қарқынымен танысты. Қаратөбе ауданы Қоржын ауылындағы үйлердің кестеден кешігіп жатқанын айтып, тиісті тапсырмалар берді. Құрылыс сапасы басты назарда болуы керектігін ескертті.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Әрине тәуекел көп. Бірақ біз апта сайын оны тексеріп жүреміз. Мен келем, Индустрия, құрылыс министрі келеді. Тиісті қаражат бар. Эрджи компаниясы 20 млрд теңге бөліп жатыр. Қалаға 9,5 млрд керек боп жатыр. Тиісті қаражат болады. Ең бастысы 32 мердігер компания кірісті. Келесі апта Үкімет қаулысы шығады. КПО ақшасын біразын осы облысқа аударамыз. Шамамен 25-30 млрд теңгеден. Сонда ғана 100 пайыз қаржымен қамтамасыз етеміз деп айтуға болады.

Су басқан аймақтар арасында келген шығын көлемі жөнінен Орал өңірі көш бастайды. Тек қана тұрғындарды баспанамен қамтуға 70 миллиард теңге жұмсалмақ. Оның елеулі бөлігі Орал қаласының еншісінде. Облыс орталығында 14 мыңдай саяжайды су басса, соның 8 мыңнан астамында үй-жай бар екен. Бау-бақша серіктестіктеріндегі 3 мыңға жуық үй азаматтардың жалғыз баспанасы деп танылған. Күні бүгін соның 700-іне пәтер кілті тапсырылыпты. Бүгін де 15 отбасы қоныс тойын тойлады.

Марат Дәулетов, қала тұрғыны:

- Алған үйім ұнады. Көңілге сыйды семьяма да бәріне. Президентке рахмет айтам. Осындай көмектесіп жатқандарына! Жақсылықта кездесе берейік.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Су қазір ғана кетті. Сондықтан техникалық зерттеу бағалау жұмыстары баяу жүргізілді. Бірақ қазірдің өзінде 3 мыңға жуық саяжай жалғыз баспана екені анықталды. Сатып аламыз. Нарықта ол пәтерлер бар. Броньда тұр. Жаңадан салынған. Екінші нарықтан алатын боламыз жақсы сапасымен. Тиісті қаражаттарын қарастырып жатырмыз.

Өңірде салынып жатқан тұрғын үйлерді 1 қыркүйекте тапсыру жоспарланған еді. Алайда бүгін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жанұялардың жаңа оқу жылына дейін жаңа қонысқа көшуі керек екендігін ескеріп, құрылысты тездетуді тапсырды.

Ерденбек Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, 24.KZ, БҚО