Жетісай диқандарының жаңашылдығы
Судың да сұрауы бар. Жетісайлық диқандар су үнемдеуге көшті.
Биылдан бастап мақта алқаптарына тамшылатып суару әдісі енгізілді. Жаңа технология суды қанша пайызға дейін үнемдейді? Оның өнімділікті арттыруға пайдасы бар ма?
Биыл Жетісайлық диқан Смайл Әуезов 55 гектар мақта алқабына су үнемдеу технологиясын енгізіпті. Ол үшін қытайлық компанияның көмегіне жүгінген. Айтуынша 55 млн теңгеннің жобасы ағын суды 2,5 пайызға дейін үнемдейді.
Смайл Әуезов, кәсіпкер:
- Мұнда қанша қаласаң сонша суара бересің. 10 мәрте суарсаң да өз еркің. Жарық пен мотор істейді. Тамшылатып суарған соң көп су кетпейді.
Егіс алқабына ақ алтынның шитін қытайлықтар өздері арнайы келіп егіпті. Жерге сапасы жоғары мақта тұқымы себілген. Шаруа бүгінге дейін бір рет суғанғанын айтады. Енді арамшөпке қарсы дәрінің келуін күтіп отыр. Барлығы дұрыс болса, жыл соңында әр гектардан 70 центнерге дейін ақ алтын аламыз,-дейді. Диқан биыл шығын аз, технология тиімді болса келер жылы да осы әдіспен мақта екпек. Аудандағы жауапты мамандар да бұл технологияны басқа шаруаларға үйретуді көздеп отыр.
Тұрышбек Елшібаев, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:
- Егер бұл өзінің өнімін жақсы беретін болса, алдағы уақытта жалғасын табады. Өйткені біз қазір 21-ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бүгінге дейін баяғы Кеңес дәуіріндегі жүйемен жұмыс істеп келдік. Енді кейінгі 20 жылдың ішінде дамып кетті ғой қытай елі. Содан біз солардың тәжірибесін алмасып жатырмыз. Биыл мақтаны да тамшылатып суаруды қолға алдық. 60-70 центнер өнім алатын болсақ, біз жаппай осыған көшеміз.
Бүгінде Жетісай ауданында 1310 гектар жер ағын суды үнемдеу технологиясын қолданады. Жыл соңына дейін оны 2800 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы Түркістан облысында 552 мың гектар суармалы жер бар. Бүгінге дейін соның 32 мың гектарына су үнемдеу технологиясы енгізілген. Мамандар 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 216 мың гектарға жеткізуді ойластырып отырғандарын айтады.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, 24.KZ, Түркістан облысы